Конкурдан Қазақстан Кубогы: Астанада шабандоздар шеберлігін сынап жатыр

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Астанадағы «Арғымақ» ат спорты кешенінде конкурдан Қазақстан Республикасының Кубогы басталды. Іс-шара ертең де жалғасады, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Дәстүрлі жарысқа Алматы, Шымкент, Астана қалалары мен Алматы облысынан 35 тәжірибелі спортшы қатысып жатыр. Жарыстың жалпы жүлде қоры 2 млн теңгені құрайды.

Сайыс әуесқойлар, жасөспірімдер және кәсіби спортшылар арасында үш санат бойынша ұйымдастырылған. Қатысушылар биіктігі 100-ден 130 сантиметрге дейінгі алты түрлі кедергіден өтіп, өз шеберліктерін көрсетеді.

«Қазақстанның ат спорты федерациясы» РҚБ вице-президенті Дәурен Ахметовтің айтуынша, мұндай республикалық жарыстар елдегі конкур спортының дамуына серпін беріп, спортшылардың тәжірибе жинақтауына мүмкіндік береді.

«Бүгінгі жарыс – Қазақстанда конкур спортының одан әрі дамуына серпін беретін маңызды алаң. Мұндай республикалық жарыстар тәжірибелі спортшыларға шеберлігін шыңдауға, ал жас шабандоздарға жарыс тәжірибесін жинақтап, өз мүмкіндіктерін көрсетуге жол ашады.

Конкурдағы нәтиже тек спортшының дайындығына байланысты емес. Әрбір сәтті секірудің артында шабандоз бен аттың арасындағы сенім, өзара түсіністік және күнделікті тынымсыз еңбек жатыр. Дәл осы серіктестік біздің спорт түрімізді ерекше әрі көрерменге әсерлі етеді.

Федерация үшін жас ұрпақты қолдау, спортшылардың кәсіби деңгейін арттыру, төрешілік жүйесін дамыту және жарыстарды өткізу мәдениетін жетілдіру – негізгі бағыттардың бірі болып қала береді.

Биыл Қазақстанның 12 жылдық үзілістен кейін ат спорты бойынша Азия ойындарына қайта оралатынын ерекше атап өткім келеді. Бұл спортшыларымыздың халықаралық аренада еліміздің намысын қайта қорғауына мүмкіндік беретін маңызды қадам», – деді «Қазақстанның ат спорты федерациясы» РҚБ вице-президенті Дәурен Ахметов.

Жарыс Халықаралық ат спорты федерациясының (FEI) қолдауымен және халықаралық стандарттарға сәйкес ұйымдастырылған.
Айта кетейік, Қазақстан құрамасы соңғы рет 2014 жылы Инчхонда (Оңтүстік Корея) өткен жазғы Азия ойындарына қатысқан. Сол жарыста ел намысын Нидерландта туған Джаннет Буман қорғап, жеке сайыста 52-орынға ие болған.

«Негізгі спортшыларымыз Еуропада 1,5 ай бойы жазғы Азия ойындарына дайындалып жатыр. Өздеріңіз білетіндей, ұлттық құрамамыз 12 жылдан кейін Азия ойындарында жүлдеге таласуға ниетті. Олардың қатарында Олег пен Раиса Соколенко, Нұрила Тұрысбекова және Ксения Баталова бар.

Өзге қарсыластардан бір ерекшелігіміз – Ксения Баталова атты шабандозымыздың бала кезінен бастап неміс тұқымды жылқыны елімізде баптап келе жатқаны. Мұндай жағдайлар өте сирек кездеседі. Әрине, жазғы Азия ойындарында жүлде алуға ниеттіміз», – деді «Қазақстанның ат спорты федерациясы» РҚБ өкілі Алуа Ишеева.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/astana/press/news/details/1282363?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version