Ағымдағы жылдың 25 тамызында Алматы қаласының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Гаухар Сұлтанқызы Каткенованың төрағалығымен қызылша мен қызамыққа иммунологиялық (серологиялық) мониторингті ұйымдастыру және жүргізу мәселелері бойынша семинар-кеңес өтті.
Іс-шараға Департаменттің инфекциялық және паразиттік ауруларды бақылау бөлімінің басшысы Алмаш Сәрсембайқызы Ахметова, Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің «Ұлттық қоғамдық денсаулық сақтау орталығы» ШЖҚ РМК және Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының мамандары қатысты.
Сонымен қатар, семинар-кеңеске офлайн және онлайн форматта Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының «Балаларға шұғыл медициналық көмек көрсету орталығы» ШЖҚ КМК мен «№2 балалар қалалық клиникалық ауруханасы» ШЖҚ КМК қабылдау бөлімдерінің басшы орынбасарлары мен меңгерушілері, сондай-ақ аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармаларының жауапты мамандары қатысты.
Семинар барысында халықтың қызылша мен қызамыққа қарсы ұжымдық иммунитетінің жай-күйін бағалау мақсатында серологиялық мониторинг жүргізудің өзектілігі, мақсаты мен міндеттері талқыланды. Бұдан бөлек, серологиялық мониторингке қатысушыларды анықтау, зерттеуге жататын халықтың іріктемесін қалыптастыру қағидаттары, сондай-ақ қажетті шығыс материалдарымен қамтамасыз ету мәселелері қаралды.
Семинар-кеңес қорытындысы бойынша қызылша мен қызамыққа серологиялық мониторингті сапалы әрі тиімді ұйымдастыру, зерттеу нәтижелерінің дұрыстығы мен нақтылығын қамтамасыз ету және халықтың ұжымдық иммунитет деңгейін объективті бағалау бағытында тиісті міндеттер айқындалды.
Жауап қалдыру Жауапты болдырмау