«Өрттен сақ бол» акциясы аясында Павлодар облысының Төтенше жағдайлар департаменті полиция қызметкерлерімен бірлесіп, өрт сөндіру техникасының кедергісіз өтуіне тосқауыл болатын автокөліктердің заңсыз тұрақтауына жол бермеу мақсатында рейдтік іс-шаралар өткізуде.
Көпқабатты тұрғын үйлердің аулаларындағы автокөліктер санының артуына байланысты көліктердің арнайы жүріп-тұру жолдарына немесе кіреберістердің маңына қойылуы жиілеп отыр. Өрт болған жағдайда бұл құтқарушылардың жұмысына елеулі кедергі келтіруі мүмкін. Өрт сөндіру автокөліктері ірі габаритті арнайы техникаға жатады. Сондықтан олардың ғимараттарға кедергісіз жақындауы үшін жеткілікті бос кеңістік болуы қажет.
Рейдтердің бірінде Айманов көшесі, 47/1 мекенжайында ТЖД қызметкерлері тұрғын үйдің ауласына өрт сөндіру техникасының еркін кіруін шектейтін өз бетінше орнатылған шлагбаумды анықтады. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық өкілдерімен бірлесіп жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде шлагбаум алынып тасталды.
ТЖД қызметкерлері өрт гидранттарының құдық қақпақтарына да ерекше назар аударады. Олардың үстіне қойылған автокөлік өрт сөндірушілердің сумен жабдықтау көзіне жедел қосылуына мүмкіндік бермейді. Мәселен, Чокин көшесі, 98 мекенжайында жүргізілген рейд барысында өрт гидранты құдығының қақпағына тікелей қойылған автокөлік анықталды. Көлік иесіне қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырылды. Істі қарау нәтижесінде құқық бұзушы Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 410-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Жыл басынан бері облыс аумағында 17 бірлескен рейд өткізілді.
ТЖД қызметкерлері еске салады: өрт сөндіру техникасының қозғалысына кедергі келтіретін жағдайда көлік құралдарын ғимараттар мен құрылыстарға кіреберістерде және жүріп-тұру жолдарында қоюға және тұрақтауға тыйым салынады. Сондай-ақ өрт гидранттары құдықтарының қақпақтарына автокөлік қоюға жол берілмейді.
Құтқарушылар жүргізушілерді көлік қою ережелерін сақтауға және арнайы техниканың кедергісіз өтуі үшін әрдайым бос жол қалдыруға шақырады. Бұл өрт сөндірушілердің оқиға орнына жедел жетуіне ғана емес, адам өміріне де тікелей әсер етуі мүмкін.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/emer-pavlodar/press/news/details/1283192?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау