КӨППӘТЕРЛІ ТҰРҒЫН ҮЙ ҚОРЫН ТҮГЕНДЕУ ЖӘНЕ ҮЙЛЕРДІҢ БІРЫҢҒАЙ ТІЗІЛІМІН ҚАЛЫПТАСТЫРУ ЖӨНІНДЕГІ ЖАҢАЛЫҚ МАТЕРИАЛДАРЫНЫҢ ЖОБАСЫ

Жарияланды:

Автор:

категорияда

КӨППӘТЕРЛІ ТҰРҒЫН ҮЙ ҚОРЫН ТҮГЕНДЕУ ЖӘНЕ ҮЙЛЕРДІҢ БІРЫҢҒАЙ ТІЗІЛІМІН ҚАЛЫПТАСТЫРУ ЖӨНІНДЕГІ ЖАҢАЛЫҚ МАТЕРИАЛДАРЫНЫҢ ЖОБАСЫ

1-материал

Ресми жаңалық. Жарияланатын алаңдар: уәкілетті органның сайты, салалық портал, республикалық БАҚ, әкімдіктер мен басқармалардың сайттары.

Қазақстанда тұрғын үй қорын ауқымды түгендеу басталады

Еліміздегі барлық көппәтерлі тұрғын үйлер біріңғай тізілімге енгізіледі. Онда әр үйдің мекенжайы, қабат саны, пәтерлер мен тұрғын емес үй-жайлардың саны, ғимараттың техникалық жағдайы, лифтілер мен есептеу құралдары туралы мәліметтер қамтылады.

Бұл жұмыс «Тұрғын үй қатынастары туралы» заңның талаптарын орындау, сондай-ақ «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында, мемлекеттік бағдарламалар бойынша күрделі жөндеу жүргізу және техникалық тексеру жұмыстарын жоспарлау мақсатында жүзеге асырылады.

Түгендеу «Тұрғын үй қатынастары туралы» заңның 2-бабында белгіленген көппәтерлі тұрғын үй ұғымына сәйкес келетін барлық ғимараттарды қамтиды. Яғни, бұл – кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін және екі немесе одан да көп пәтерді немесе тұрғын емес үй-жайды қамтитын жеке тұрған ғимарат.

Үйлердің қабат санына, меншік иелерінің санына, кондоминиум объектісінің тіркелуіне және басқару нысанының таңдалуына қарамастан, барлығы есепке алынады. Оның ішінде ауылдық елді мекендердегі екі және төрт пәтерлі үйлер, сондай-ақ басқару нысаны әлі анықталмаған үйлер де қамтылады.

Әр үй тізілімде мекенжайдың тіркеу коды (МТК) арқылы белгіленеді. Осы код арқылы үйге әртүрлі ақпарат көздерінен алынған мәліметтер біріктіріледі. Олардың қатарында ғимараттың техникалық сипаттамалары, сандық және сапалық көрсеткіштері, үй-жайлар туралы ақпарат, басқару нысаны мен лифтілердің жағдайы, инженерлік желілерге қосылуы және есептеу құралдары жөніндегі деректер бар.

Мәліметтерді ұсыну тәртібі тұрғын үй қатынастары және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы ақпаратты қалыптастыру, өңдеу, орталықтандырылған жинау және сақтау қағидаларында белгіленген. Аталған қағидаларға сәйкес деректерді ұсынуға міндетті ұйымдардың қатарына жергілікті атқарушы органдар, табиғи монополиялар субъектілері, мүлік иелерінің бірлестіктері, мүлік иелерінің кооперативтері және басқа да басқару субъектілері кіреді.

Түгендеу барысында үй иелерінің дербес деректері – тегі, аты-жөні, жеке сәйкестендіру нөмірі, құқық белгілейтін құжаттары және берешегі туралы мәліметтер жиналмайды.

Тізілім не береді?

Бірыңғай тізілім тұрғын үйлердің нақты жағдайын бағалауға және қажетті жұмыстарды тиімді жоспарлауға мүмкіндік береді.

Атап айтқанда:

– күрделі жөндеу мен лифтілерді ауыстыруды қажет ететін үйлердің нақты тізімі жасалады;
– үйлердің есептеу құралдарымен нақты жабдықталу деңгейі айқындалады;
– өңірлердің инженерлік желілерді жаңғыртуға қажеттілігі нақты деректер негізінде есептеледі;
– коммуналдық қызметтер үшін берілетін төлем түбіртектеріндегі есептеулердің дұрыстығын қамтамасыз етуге мүмкіндік артады;
– КСК, МИБ және басқарушы компаниялардың жұмысын ретке келтіруге, атқарушылық құжаттаманы дұрыс жүргізуіне жағдай жасалады.

Мәліметтерді жинауды облыстардың әкімдіктері аудандар мен облыстық маңызы бар қалалардың тұрғын үй инспекциялары арқылы ұйымдастырады.

Тиісті хабарламалар мен жұмыс нысандары мүлік иелерінің бірлестіктеріне, тікелей бірлесіп басқарылатын үйлердің өкілдеріне, басқару субъектілеріне және коммуналдық қызметтерді жеткізушілерге жолданады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhetysu-alakol/press/news/details/1283193?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version