2026 жылғы 1 маусым мен 31 қазан аралығында Қазақстан Республикасының аумағында есірткінің заңсыз айналымына байланысты құқық бұзушылықтардың жолын кесуге, есірткі заттарын дайындау және таратумен айналысатын тұлғаларды анықтауға, сондай-ақ құрамында есірткі бар өсімдіктерді жоюға бағытталған «Қарасора-2026» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілуде.
Ақтөбе облысында іс-шара аясында құрамында есірткі бар өсімдіктердің заңсыз өсірілу орындарын анықтау, есірткі дайындаумен айналысатын тұлғаларды, оның ішінде есірткі зертханаларын анықтап, олардың қызметін тоқтатуға бағытталған кешенді жұмыстар жүргізілуде.
Ерекше назар шалғай және жетуі қиын аумақтарға аударылуда. Осы мақсатта облыс аумағына тікұшақпен әуеден мониторинг жүргізілуде. Әуе бақылауы барысында жерүсті тәсілімен тексеру қиын учаскелер, сондай-ақ есірткі өсімдіктерінің заңсыз өсірілуі мүмкін орындары тексеріледі.
Сонымен қатар республикалық маңызы бар автожолдарда полиция бекеттері мен мобильді топтар ұйымдастырылған. Қызметтік-іздестіру иттерін пайдалана отырып, автокөліктер тексеріліп, есірткі заттарын заңсыз тасымалдау фактілерін анықтауға бағытталған жұмыстар жүргізілуде.
Іс-шара басталғалы облыс аумағында 87 есірткі құқық бұзушылығы тіркелді. Заңсыз айналымнан 346 келі есірткі заттары тәркіленіп, 5 855 түп жабайы қарасора өсімдігі жойылды.
Есірткінің интернет арқылы таралуына қарсы іс-қимыл да күшейтілуде. Қазақстан Республикасының аумағында есірткінің заңсыз айналымына қатысы бар 923 интернет-сайт анықталып, олар туралы ақпарат одан әрі шаралар қабылдау үшін «Кибернадзор» жүйесіне енгізілді.
Сондай-ақ есірткі бизнесін қаржыландыру арналарының жолын кесу бағытында жұмыстар жүргізілуде. Жыл басынан бері «Антифрод» жүйесі арқылы 650 банк картасы анықталып, оларды бұғаттау үшін тиісті ақпарат жолданды. Бұғатталған қаражаттың жалпы сомасы 5 млн 598 мың 300 теңгені құрады.
Полиция есірткі қылмыстарының жолын кесу, есірткі заттарын тарату арналарының алдын алу және нашақорлықтың профилактикасы бойынша кешенді жұмыстарды одан әрі жалғастырады.
Департамент азаматтарды есірткі заттарын заңсыз сақтау, дайындау, тасымалдау немесе таратудың белгілі болған фактілері туралы полицияға хабарлауға шақырады. Азаматтардың дер кезінде берген ақпараты қылмыстың жолын кесуге және есірткінің таралуына жол бермеуге ықпал етеді.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-aktobe/press/news/details/1283222?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау