Қазақстандық ғалымдар CERN зерттеулеріне қатысу үшін жаңа мүмкіндіктерге ие болады
ҚР Ғылым және жоғары білім министрінің м.а. Саясат Нұрбек Еуропалық ядролық зерттеулер ұйымының (CERN) Бас директоры Марк Томсонмен кездесті.
Кездесу барысында Қазақстан мен CERN арасындағы ғылыми-технологиялық ынтымақтастықты одан әрі дамыту, оның ішінде жоғары энергиялар физикасы саласындағы өзара іс-қимылды кеңейту мәселелері талқыланды. ҚР Үкіметі мен CERN арасындағы серіктестіктің негізі 2018 жылы жасалған халықаралық ынтымақтастық туралы келісіммен қаланды. Қазіргі уақытта осы Келісімге сәйкес қазақстандық ғалымдардың CERN-нің ғылыми эксперименттері мен зерттеу бағдарламаларына қатысуының практикалық тетігін қалыптастыруға бағытталған Хаттама жобасы әзірленді.
Аталған тетік қазақстандық ғалымдарға Халықаралық бағдарламалар орталығының «Ғылыми тағылымдамалар» бағдарламасы аясында CERN-де ғылыми тағылымдамадан өтуге және зерттеулерге қатысуға мүмкіндік береді. Бұл отандық мамандардың кәсіби құзыреттерін дамытуға, халықаралық ғылыми ынтымақтастықты кеңейтуге және Қазақстан ғылымының жаһандық зерттеу кеңістігіне ықпалдасуына ықпал етеді.
«Мемлекет басшысы атом энергетикасын дамыту перспективаларын ескере отырып, елімізде бейбіт атом саласы үшін отандық инженерлік-техникалық кадрлар даярлау міндетін қойып отыр. Бүгінде еліміздің ғылыми экожүйесін терең трансформациялау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Зерттеу нәтижелерін практикада қолдануға және оларды экономикаға енгізуге бағдарланған ғылымды басқарудың жаңа моделі іске асырылады. Сонымен қатар отандық жоғары оқу орындарын жаңғыртып, жоғары білім беру саласындағы халықаралық ынтымақтастықты кеңейтіп жатырмыз. Бүгінде әлемнің 40 жетекші университетімен серіктестік орнатылып, шетелдік 33 жоғары оқу орнының филиалы ашылды. Қазақстандық ғалымдарға әлемдегі ірі ғылыми орталықтарда тағылымдамадан өту мүмкіндігі ұсынылған. Отандық ғылым, соның ішінде Еуропалық Одақтың ғылыми зерттеулер мен инновациялар саласындағы Horizon Europe шеңберлік бағдарламасы арқылы жаһандық зерттеу кеңістігіне ықпалдасып келеді. Осы тұрғыдан алғанда, CERN-мен ынтымақтастықтың біз үшін маңызы зор», – деп атап өтті Саясат Нұрбек.
Кездесу барысында іргелі ғылымды дамытуға және жоғары білікті ғылыми, сондай-ақ инженерлік-техникалық кадрлар даярлауға ерекше назар аударылды. Бұл бағыттар Қазақстан үшін, әсіресе жоғары технологиялық салаларды дамыту және атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану тұрғысынан, стратегиялық басымдықтардың бірі болып саналады.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар стратегиялық серіктестікті одан әрі нығайтуға өзара мүдделі екендерін растады. CERN-мен ынтымақтастық Қазақстандағы іргелі ғылымды дамытуға, елдің ғылыми әлеуетін арттыруға және отандық зерттеушілер үшін жаңа мүмкіндіктер ашуға елеулі үлес қосатыны атап өтілді.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/sci/press/news/details/1282658?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау