Түркістан облысында «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бағдарламасы аясында қоғамдық орындарда тазалық пен тәртіпті қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар тұрақты жүргізілуде. Бұл туралы облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен мәжілісте айтылды.
Жиында облыс әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында атқарылып жатқан жұмыстар барысын баяндады. Оның айтуынша, жыл басынан бері қоғамдық орындарда тәртіп бұзған азаматтарға қатысты әкімшілік шаралар қабылдануда. Атап айтқанда, 434-2-бап бойынша 5382 әкімшілік хаттама толтырылып, 159,6 млн теңге айыппұл салынды. Оның 103,7 млн теңгесі өндірілді. Ал 505-бап бойынша 7231 әкімшілік хаттама толтырылып, 41 млн теңге айыппұл салынды. Оның 29,7 млн теңгесі өндірілді. Ауылдық округ әкімдіктері тарапынан 505-бап бойынша 3621 хаттама толтырылып 20,7 млн теңге көлемінде айыппұл салынды. Оның ішінде 3 243 ескерту және 378 айыппұл хаттамасы рәсімделген.
«Таза Қазақстан» (@TazaQazBot) Telegram чат-боты арқылы 2 401 өтініш келіп түскен. Оның 2 332-сі орындалса, 69-ы орындалу барысында. Бүгінде Telegram чат-боттың танымалдылығын арттыру және халық арасында түсіндіру жұмыстары жалғасуда.
Биылғы 11-12 тамыз күндері Келес, Қазығұрт аудандарында, 26-28 тамыз күндері Сауран, Отырар аудандарында мониторинг жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде, жалпы 168 кемшілік анықталды. Соның ішінде 144-і – бей-берекет қоқыстар, 14-і – саябақ, аллеялардың тазалығы, 10-ы – көпқабатты үйлердің ауласының тазалығына қатысты. Анықталған кемшіліктерді толығымен жою жөнінде аудан әкімдіктеріне нақты тапсырмалар берілді. Тазалық талаптарының орындалуы тұрақты бақылауда.
Мәжіліс соңында облыс әкімі Нұралхан Көшеров «Таза Қазақстан» тұжырымдамасы аясындағы Жол картасында белгіленген тармақтардың орындалуы бақылауда екенін айтты. Сонымен бірге қоғамды экологиялық сауаттылыққа шақыру, қоршаған ортаны қорғау бағытындағы жұмыстарды күшейту, елді мекендердің тазалығы мен абаттандыру жұмыстарын тиісті деңгейде ұйымдастырмаған аудан және ауылдық округ әкімдерінің тәртіптік жауапкершілігін қарауды тапсырды.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/ontustik/press/news/details/1283033?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау