Жаңа оқу жылында облыста 100 мыңнан астам оқушы мектепке барады. 10 мыңнан астам бүлдіршін мектеп табалдырығын алғаш рет аттайды. Оның ішінде Семей қаласында 5 мың оқушы бірінші сыныпқа қабылданды.
Облыс әкімі Берік Уәли 1 қыркүйек – Білім күніне орай Семей қаласындағы Степной кентіндегі №46 жалпы орта білім беретін мектепке арнайы барды. Шараға ұлағатты ұстаз, Қазақстанның Еңбек Ері Алма Шүкіжанова да қатысты.
Аймақ басшысы салтанатты жиында оқушыларды, ұстаздар мен ата-аналарды жаңа оқу жылының басталуымен құттықтады.
«1 қыркүйек – әр отбасы үшін ерекше толқыныс пен қуанышқа толы күн. Әсіресе, бүгін мектеп табалдырығын алғаш аттаған бүлдіршіндер үшін бұл күннің орны бөлек. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына Жолдауында «Өскелең ұрпақтың бойындағы патриотизм – болашаққа деген шынайы ұмтылыс. Бұл – қоғам санасында болып жатқан өзгерістің айқын көрінісі. Мен мұны толығымен қолдаймын. Жастардың күш-жігеріне, олардың дарыны мен біліміне сенемін» деп еліміздің жастары мен жасөспірімдеріне деген зор сенімі мен шынайы үмітін артқан болатын. Баршаңызды Білім күнімен құттықтай отырып, жаңа оқу жылында әр шаңыраққа береке, ұстаздарға шабыт, шығармашылық тың идеялар, ата-аналарға қуаныш, ал оқушыларға зор денсаулық, биік мақсат және толағай табыс тілеймін!», – деді Берік Уәли.
300 оқушыға арналған №46 жалпы орта білім беретін мектебі 2022 жылы ашылған. Мектепте сапалы білім беру, оқушылардың шығармашылық, зерттеушілік және спорттық қабілеттерін дамыту, цифрлық технологияларды меңгеру және олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қажетті материалдық-техникалық жағдайлар жасалған. Биыл мектептің алғашқы түлектері білім ордасын тәмәмдап, үлкен өмірге қадам басты. Мектеп жаңа оқу жылын 402 оқушымен бастағалы отыр, оның ішінде 46 оқушы жақын маңдағы елді мекендерде тұрады.
Шара барысында облыс әкімі мектептің оқушылары мен ұстаздарына жаңа автобустың сертификатын табыстады.
«Жыл сайын мектеп оқушыларды тасымалдау үшін автобусты жалға алып келді. Бүгінгі Білім күнінде, жаңа оқу жылының бастауында мектепке жаңа автобус сыйлағанды жөн көріп отырмыз. Бұл алыстан қатынап оқитын балаларға қолайлы жағдай жасап, білім сапасының артуына септігін тигізеді деп сенемін», – деді аймақ басшысы.
Айта кетейік, өткен оқу жылында Абай облысының 407 оқушысы республикалық және халықаралық зияткерлік жарыстарға қатысып, 163-і жүлделі орын иеленді. Әсіресе, IT және дәл ғылымдар, оның ішінде робототехника бағыттарында оқушылар жоғары нәтиже көрсетті.
Өңірдің үш білім ордасы еліміздің «100 үздік олимпиадалық мектебі» қатарына енді. Биыл жоғары оқу орындарына түсуге ниетті 200 түлекке облыс әкімінің гранты бөлініп, грант иегерлері анықталды. Бұл қолдау өңірге қажетті мамандықтарды игеріп, облыстың дамуына үлес қосатын жастарға бағытталған.
Оқушы орындарының тапшылығын шешу мақсатында «Келешек мектебі» ұлттық жобасы аясында облыста 5 мектеп салынды. Жақында мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында Семей қаласының Қарағайлы тұрғын ауданында 1400 орындық BINOM мектебінің құрылысы басталды. Жарма ауданының Суықбұлақ ауылындағы 100 орындық мектептің құрылысы аяқталуға жақын. Сонымен қатар Ақсуат және Екпін ауылдарында 300 орындық мектептер салу жоспарланып отыр.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/abay/press/news/details/1283474?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау