МАҚТААРАЛДА БІЛІМ КҮНІНЕ АРНАЛҒАН САЛТАНАТТЫ ЖИЫН ӨТТІ

Жарияланды:

Автор:

категорияда
Мақтаарал ауданы Мырзакент кентінде орналасқан С.Рахымов атындағы №4 жалпы білім беретін мектебінде жаңа 2026–2027 оқу жылының басталуына орай Білім күніне арналған салтанатты жиын өтті.
«Қазақстан Республикасының Конституциясы: адал азамат, зерделі ұлт және жауапты қоғам қалыптастырудың негізі» тақырыбына арналған алғашқы қоңырау іс-шарасы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туын көтеру рәсімімен және Мемлекеттік Әнұранды орындаумен басталды.
Жиынға Мақтаарал ауданының әкімі Бақыт Асанов, Түркістан облысы Полиция департаментінің арнайы және жұмылдыру даярлығы басқармасының бастығы, полиция полковнигі Ерлан Шамшат, аудандық полиция бөлімінің бастығы, полиция подполковнигі Ердаулет Амантаев, аудандық білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы Асанхан Қошқаровтар қатысты.
«Білім күні – әрбір отбасы үшін ерекше толқынысқа толы, айтулы мереке. Әсіресе, мектеп табалдырығын алғаш аттаған бүлдіршіндер үшін бұл күн – үлкен өмірге бастайтын алғашқы қадам. Ал ұстаздар қауымы үшін жаңа оқу жылы – шәкірттерге сапалы білім мен тағылымды тәрбие беріп, ел болашағын қалыптастыру жолындағы жауапты еңбектің жаңа кезеңі. Ендеше, жаңа оқу жылы баршаңызға жаңа жетістіктер мен жарқын жеңістер әкелсін! Мектептерімізден білімді, тәрбиелі, елжанды ұрпақ түлеп ұшсын! Ұстаздарымыздың еңбегі жемісті, шәкірттеріміздің қадамы нық болсын!» – деді, Бақыт Насырханұлы.
Мерекелік шараның басты кейіпкерлері – алғаш рет мектеп табалдырығын аттаған 1-сынып оқушылары болды. Жиын барысында оқу-білім мен түрлі байқауларда мектеп абыройын асқақтатып жүрген озат оқушылар марапатталды. Мектеп өнерпаздары ұстаздар мен оқушыларға өз өнерлерін ұсынды. Сонымен қатар, мектеп бітіруші түлектер бірінші сынып оқушыларына ақжолтай тілегін білдіріп, бүлдіршіндерге естелік сыйлықтар табыстады.
Іс-шара барысында «Біртұтас ұлттық тәрбие» бағдарламасы аясында ұлттық құндылықтарды дәріптеу, жас ұрпаққа отансүйгіштік пен жауапкершілік қасиеттерін сіңіруге басымдық берілді. Мерекелік жиынның ең әсерлі сәті – жаңа оқу жылының алғашқы қоңырауының соғылуы болды. Осылайша, С.Рахымов атындағы №4 жалпы білім беретін мектебінде жаңа оқу жылы көтеріңкі көңіл-күймен басталды.
Жалпы Мақтаарал ауданында жаңа оқу жылында 61 мектеп 29 мыңнан астам оқушыға есіктерін айқара ашты. Оқушыларға қолайлы білім беру ортасын қалыптастыру және білім беру нысандарының материалдық-техникалық базасын жақсарту мақсатында жазғы демалыста 9 білім беру ұйымында жөндеу жұмыстары жүргізілді. Оның ішінде 4 мектеп – «Мырзакент» мектеп-гимназиясы, «Мақтаарал» мектеп-гимназиясы, О.Бапышев атындағы жалпы білім беретін мектеп және «Жаңа жол» жалпы білім беретін мектебі күрделі жөндеуден өтіп, пайдалануға берілген болатын.
(с) Мақтаарал ауданы әкімінің баспасөз қызметі

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-maktaaral/press/news/details/1283473?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version