Ақылды жылыжайлар мен цифрлық технологиялар: Балқаш оқушылары қандай жобалар әзірлеп жатыр

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Ақылды жылыжайлар, автоматтандырылған суару жүйелері, микроклиматты цифрлық бақылау және экологиялық жобалар — Балқаш қаласының оқушылары заманауи технологияларды жай ғана меңгеріп қоймай, алған білімдерін тәжірибеде қолданып келеді.

Мұндай мүмкіндік балаларға демеуші компаниялардың бастамасымен «Коунрад» қоры арқылы жүзеге асырылып жатқан «Balkhash STEAM Serpini» бағдарламасы аясында беріліп отыр. Бағдарламаны Еуразия Орталық Азия қоры әзірлеген.

Екі жыл ішінде бағдарламаға 535 оқушы мен 67 педагог қатысты. Балалар робототехника, бағдарламалау, инженерия, экология және 3D-модельдеу бағыттарын меңгеріп, кейін алған білімдері негізінде өз жобаларын әзірлейді.

Биыл бес мектеп командасына өз идеяларын жүзеге асыру үшін 1,5 млн теңгеге дейін грант берілді. Жас әзірлеушілер өз жобаларын қорытынды іс-шарада таныстырды.

№1 мектепте микроклиматты цифрлық бақылау жобасы іске қосылды. №4 мектепте топырақты зерттеп, өсімдіктер өсіруге арналған зертхана құрылды. Ал Әлихан Бөкейханов атындағы №15 мектеп-лицейдің оқушылары қылқан жапырақты ағаштарды тамшылатып суарудың автоматтандырылған жүйесін енгізді.

Бағдарламаның тағы бір маңызды бағыты — жылыжайда өсімдіктерді заманауи технологиялар арқылы өсіру. Ә. Ермеков атындағы мектеп-лицейде күн энергиясымен қамтамасыз ету жүйесі, автоматтандырылған суару және микроклиматты бақылау жүйесі орнатылды.

Ал №12 мектепте жыл бойы микрожасыл өнім өндіруге мүмкіндік беретін ақылды кешен жасалды.

— Бағдарлама ең алдымен практикалық дағдыларды қалыптастыруға бағытталған. Оқушылар алған білімдерін нақты жобаларда қолдануды үйренеді. Бұл оларға болашақ мамандығын ертерек таңдауға және техникалық жоғары оқу орындарына түсуге дайындалуға мүмкіндік береді, – деді Балқаш қаласы білім бөлімінің басшысының міндетін атқарушы Шынаргүл Әлішева.

Бағдарламаға қатысушылардың кейбірі үшін бұл жоба болашақ мамандыққа бастар алғашқы қадамға айналды. Абай атындағы №2 мектеп-лицейдің жетінші сынып оқушысы Інжу Аманжол екі жылдық оқу барысында «Balkhash STEAM Serpini» фестивалінің жеңімпазы атанып, республикалық деңгейге жолдама алды.

— Бағдарламаның арқасында дүниетанымым кеңейді. Енді STEAM бағыттарын тереңірек меңгеріп, елімізге пайдасы тиетін жобалар жасағым келеді, – дейді оқушы.

Бағдарлама педагогтердің оқыту тәсіліне де өзгеріс енгізіп отыр. №12 мектептің информатика пәні мұғалімі Ерсұлтан Амантайдың айтуынша, жобаға қатысу сабақтарды барынша тәжірибеге бағыттауға және кәсіби тұрғыдан өсуіне ықпал еткен.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/karaganda/press/news/details/1283329?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version