Қазақстанда қиын өмірлік жағдайға тап болған азаматтарды қажетті әлеуметтік қолдаумен қамтамасыз етуге ерекше көңіл бөлінеді. Әлеуметтік саясаттың маңызды бағыттарының бірі – әртүрлі жағдайларға байланысты өзінің негізгі өмірлік қажеттіліктерін өз бетінше қамтамасыз ете алмайтын азаматтарға кешенді көмек көрсетуге бағытталған арнаулы әлеуметтік қызметтер жүйесін дамыту болып табылады.
Бұл саланы одан әрі дамытудың маңызды шарты – көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыру және әлеуметтік көмек көрсететін ұйымдар тарапынан кәсіби тәсілді қамтамасыз ету. Сондықтан Қазақстан Республикасының заңнамасында арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету жөніндегі қызметті лицензиялау көзделген.
Арнаулы әлеуметтік қызметтер дегеніміз не?
Арнаулы әлеуметтік қызметтер қиын өмірлік жағдайды еңсеру, адамның өз бетінше өмір сүру қабілетін қалпына келтіру және сақтау, сондай-ақ оның әлеуметтік бейімделуі мен қоғамға кірігуі үшін жағдай жасауға бағытталған іс-шаралар кешенін қамтиды.
Мұндай көмек алушының жеке қажеттіліктеріне байланысты әлеуметтік-тұрмыстық, әлеуметтік-медициналық, әлеуметтік-психологиялық, әлеуметтік-педагогикалық, әлеуметтік-еңбек, әлеуметтік-мәдени, әлеуметтік-экономикалық және өзге де қызметтерді қамтуы мүмкін.
Лицензиялау не үшін қажет және қандай ұйымдар өз қызметін лицензия негізінде жүзеге асыруы тиіс?
Лицензиялауды енгізу арнаулы әлеуметтік қызметтердің сапасын арттыруға, қызмет алушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, сондай-ақ халықты әлеуметтік қорғау саласында қызметін жүзеге асыратын ұйымдарға бірыңғай талаптарды белгілеуге бағытталған.
Қиын өмірлік жағдайға тап болған адамдарға, оның ішінде мүгедектігі бар адамдарға, егде жастағы азаматтарға, балаларға және халықтың басқа да санаттарына арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететін барлық меншік нысанындағы ұйымдар лицензиялауға жатады. Арнаулы әлеуметтік қызметтер стационар, жартылай стационар жағдайында, сондай-ақ үйде көрсетілуі мүмкін.
Лицензияларды халықты әлеуметтік қорғау саласындағы уәкілетті орган – Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитеті және оның аумақтық бөлімшелері береді.
Арнаулы әлеуметтік қызметтерді жеткізушілерге қойылатын негізгі талаптар
Негізгі талаптардың бірі – білікті мамандардың болуы. Көрсетілетін көмектің сапасы қызметкерлердің кәсібилігіне тікелей байланысты, сондықтан ұйым кадрлардың белгіленген біліктілік талаптарына сәйкестігін қамтамасыз етуі тиіс.
Бұдан басқа, үй-жайдың және тиісті материалдық-техникалық базаның болуы қажет. Яғни, ұйым көмекті қауіпсіз, сапалы және әрбір қызмет алушының қадір-қасиеті мен құқықтарын сақтай отырып көрсетуге мүмкіндік беретін жағдайлар кешенін, санитарлық және өртке қарсы нормалардың сақталуын, Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2024 жылғы 27 маусымдағы № 222 «Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы арнаулы әлеуметтік қызметтерді ұсынуға қойылатын біліктілік талаптары мен құжаттар тізбесін бекіту туралы» бұйрығына сәйкес мүгедектігі бар адамдар мен халқының аз қозғалатын топтары үшін қолжетімділікті қамтамасыз етуі тиіс.
Мұндай қызметтерді көрсетуді жоспарлап отырған жеткізушілер өз қызметінің белгіленген талаптарға сәйкестігін алдын ала бағалап, қажетті құжаттарды дайындауы керек.
Бұл талаптардың барлығы жиынтығында қиын өмірлік жағдайға тап болған адам үшін қауіпсіз және жайлы орта құруға бағытталған.
Лицензиялау қалай жүргізіледі?
Лицензия алу рәсімі Қазақстан Республикасының рұқсаттар және хабарламалар саласындағы заңнамасына, сондай-ақ арнаулы әлеуметтік қызметтер туралы заңнамада белгіленген талаптарға сәйкес жүзеге асырылады.
Ұйымдар белгіленген талаптарға сәйкестігін растап, заңнамада көзделген құжаттарды ұсынуы қажет.
Белгіленген талаптарға сәйкес келген жағдайда лицензия беру туралы шешім қабылданады.
Бірақ, арнаулы әлеуметтік қызметтерді жеткізуші бұдан әрі де лицензиялық және өзге де міндетті талаптарды сақтауға міндетті екенін атап өткен жөн.
Осылайша, лицензиялау – бұл бір реттік рәсім емес, әлеуметтік қызметтер сапасын қамтамасыз етудің тұрақты жұмыс істейтін жүйесінің элементтерінің бірі.
Заңнама талаптарын сақтамағаны үшін жауапкершілік
Лицензия алғаннан кейін, арнаулы әлеуметтік қызметтерді жеткізуші барлық белгіленген талаптарды сақтау міндетін өзіне алады.
Арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету жөніндегі қызметті тиісті лицензиясыз жүзеге асыруға жол берілмейтінін білу маңызды. Мұндай фактілер анықталған жағдайда, бұзушыларға Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне сәйкес жауапкершілік шаралары қолданылады.
Қызмет алушыларға нені білу маңызды?
Азаматтарға және олардың заңды өкілдеріне арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететін ұйымды таңдау кезінде жеткізушіде қажетті рұқсат құжаттарының болуына, ұйымның белгіленген талаптарға сәйкестігіне, тұру немесе болу жағдайларына, мамандардың біліктілігіне және көрсетілетін қызметтердің сапасына назар аудару ұсынылады.
Сұрақтар немесе бұзушылықтар туындаған жағдайда, азамат не оның заңды өкілі түсініктеме алу және өз құзыреті шегінде тиісті шаралар қабылдау үшін уәкілетті мемлекеттік органдарға жүгінуге құқылы.
Әлеуметтік қолдауға мұқтаж әрбір азаматтың кәсіби көмекке, қауіпсіздікке, құрметпен қарауға және лайықты жағдайларға сене алуы ерекше маңызды.
Дәл осындай тәсіл Қазақстанның әлеуметтік саясатының заманауи міндеттеріне сәйкес келеді және қолжетімді, сапалы және адамға бағдарланған арнаулы әлеуметтік қызметтер жүйесін одан әрі дамытуға ықпал етеді.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/enbek-karagandy/press/news/details/1283506?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау