Қарағанды облысында төрт жаңа мектеп ашылды

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Қарағанды облысында 1 қыркүйекте «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында салынған бірден төрт жаңа мектеп есігін айқара ашты.

Оның үшеуі Бұқар жырау ауданында — Үштөбе және Доскей ауылдарында, сондай-ақ Ғабиден Мұстафин кентінің Нұра станциясында пайдалануға берілді.

Ал Қарағанды қаласының «Жаңа аудан» («Таугүл») шағынауданында 1200 орынға арналған №29 мектеп алғашқы оқушыларын қабылдады.

Биылғы оқу жылында облыстағы 420 мектепте 176 мыңнан астам бала білім алады.

15 691 бүлдіршін алғаш рет мектеп табалдырығын аттап, алғашқы қоңырауын естіді. Ал бітіруші сыныптарда 9546 оқушы білім алуда.

Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев Үштөбе ауылындағы жаңа мектепке барып, балалар мен ұстаздарды Білім күнімен құттықтады.

— 1 қыркүйек — жаңа білімге, жаңа мүмкіндіктер мен жетістіктерге жол ашатын ерекше күн. Жаңа оқу жылы мұғалімдерге кәсіби табыс, шығармашылық шабыт пен жаңа жеңістер әкелсін. Бірінші сынып оқушылары үшін мектеп жолы қызықты да бақытты саяхатқа айналсын. Ал жоғары сынып оқушыларына алдына айқын мақсат қойып, оған жетуге нық қадам басуын тілеймін, – деді Ермағанбет Бөлекпаев.

 

Мектеп заманауи стандарттарға сай салынып, қажетті құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етілген. Білім ордасы 300 оқушыға арналған. Ауыл балалары үшін мұнда сапалы білім алуға ғана емес, спортпен және шығармашылықпен айналысуға да барлық жағдай жасалған.

— Мектебімізде физика, химия, информатика және басқа да пәндерге арналған жаңа, заманауи үлгідегі кабинеттер жабдықталды. Сондай-ақ балалар робототехникамен айналысып, зерттеу жобаларын жүзеге асыра алатын STEM кабинеті бар. Қосымша спорт залы да ашылды. Бұдан бөлек, түрлі шығармашылық үйірмелер мен спорт секциялары жұмыс істейтін болады, – деді мектеп директорының міндетін атқарушы Еркебұлан Мақашев.

Жаңа мектептің ашылғанына ата-аналар да қуанышты.

— Бұл мектептің ашылғанын асыға күттік. Қуаныштымыз, барлығы көңілімізден шықты. Бастауыш және жоғары сынып оқушыларына бөлек кіреберіс жасалған. Іші өте әдемі, жабдықтары заманауи. Үш балам бар, бүгін кенже қызым бірінші сыныпқа барды, – дейді Үштөбе ауылының тұрғыны Бибігүл Зейнулина.

Жаңа оқу жылына орай облыстағы барлық 420 мектеп дайындықтан өтті. Жаз айларында 217 білім беру ұйымында жөндеу жұмыстары жүргізілді. Оның ішінде 19 білім беру ұйымы толық жаңғыртылып, жаңартылды.

Мектептер қажетті оқу материалдарымен де толық қамтамасыз етілді. Биыл үшінші сынып оқушыларына арналған орыс және қазақ тілдері, әдебиеттік оқу, математика, дүниетану және музыка пәндері бойынша оқулықтар жаңартылды.

Ал жетінші сынып оқушылары үшін дүниежүзі тарихынан жаңа оқулықтар дайындалды.

Оқушылардың қауіпсіздігіне де ерекше көңіл бөлінуде.

Барлық мектепте бейнебақылау жүйелері, дабыл түймелері мен турникеттер орнатылып, арнайы күзет қамтамасыз етілді.

 

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/karaganda/press/news/details/1283507?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version