«Самұрық-Қазына» қолдауымен Ақтөбедегі 10 мектепте жаңа инклюзия кабинеттері ашылды

Жарияланды:

Автор:

категорияда

 

Арнайы кабинеттер №1, №8, №19, №26, №27, №35, №40 және №64 мектептерде, сондай-ақ Д.Қонаев атындағы гимназия мен Қ.Сәтбаев атындағы мектеп-лицейде ашылды. Олар «Самұрық-Қазынаның» жыл сайынғы Charity Samruk Marathon қайырымдылық марафоны барысында жиналған қаражат есебінен жабдықталды. Жаңа инклюзия кабинеттеріне 600-ден оқушы бара алады. Бұл – қаладағы ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалардың 34%-ы.

Ақтөбедегі осындай кабинеттердің бірі іске қосылған Д.Қонаев атындағы мектеп-гимназияға Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров пен «Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов арнайы барып, жұмысымен танысты.

Кабинеттер Samruk-Kazyna Trust қоры мен инклюзивті білім беру саласының сарапшылары бірлесіп әзірлеген жаңартылған тұжырымдама негізінде ұйымдастырылды.

Бұрынғыдай жеке-жеке бөлмелердің орнына баланың жан-жақты қолдау алуына мүмкіндік беретін, ауданы кемінде 60 шаршы метр болатын заманауи open space кеңістігі қарастырылған. Мұнда дефектолог, логопед және психолог мамандардың жұмыс істеуіне арналған арнайы аймақтармен қатар, балалардың шығармашылық қабілетін, ұсақ моторикасын және өзін-өзі еркін жеткізу дағдыларын дамытуға арналған қыш құмыра жасау шеберханасы да бар.

Сонымен қатар балалардың дене белсенділігі мен оңалтуына ерекше көңіл бөлінген. Мектептерде заманауи құрал-жабдықтармен және спорттық мүкәммалмен жабдықталған емдік дене шынықтыру кабинеті жұмыс істейді.

Жобада тек кабинеттерді жабдықтау ғана көзделмеген. Бір жыл бойы педагогтер мен бейінді мамандар оқудан өтіп, біліктілігін арттырады. Бұл оларға заманауи әдістемелерді меңгеріп, әр баламен жеке жұмыс жүргізуге мүмкіндік береді. Осылайша мұнда жай ғана жаңа кабинет емес, білім беру, психологиялық, түзету-дамыту, дене шынықтыру және оңалту бағытындағы қолдау бір кеңістікте тоғысқан толыққанды орта қалыптасады.

Жалпы, Ақтөбе облысында «Самұрық-Қазына» компаниялар тобының атынан қайырымдылық қызметінің бірыңғай операторы – Samruk-Kazyna Trust қоры құны 4,88 млрд теңгені құрайтын 32 әлеуметтік жобаны жүзеге асырды. Бүгінде өңірде «Қамқорлық» атты үш оңалту орталығы, М.Оспанов атындағы БҚМУ жанындағы онкологиялық бөлімше, С.Жиенбаев атындағы кітапхана базасындағы креативті хаб және Ембі қаласындағы спорт кешені жұмыс істейді. Ал биыл Ақтөбе қаласында жаңа дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы жүргізілуде.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aktobe/press/news/details/1283958?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version