1 қыркүйек – Білім күнінде Темір ауданының орталығы Шұбарқұдық кентіндегі 1938 жылы салынған Жансен Кереев атындағы мектептің орнына жаңа ғимарат салынып, халық игілігіне берілді.
88 жылдан кейін жаңарған білім ордасы 600 оқушыны қабылдауға қауқарлы. Заманауи мектепте балалардың сапалы білім алуына және жан-жақты дамуына қажетті жағдай жасалған.
Мектепте 22 оқу кабинеті, екі спорт залы және акт залы бар. Информатика және IT кабинеттері, пәндік кабинеттер, зертханалар, сондай-ақ зерттеу және практикалық сабақтарға арналған мамандандырылған кеңістіктер жабдықталған.
«Келешек мектептері» жобасының талаптарына сәйкес оқушылардың цифрлық сауаттылығын арттыруға, STEM бағыттарын меңгеруге және робототехникамен айналысуына мүмкіндік бар.
Сонымен қатар мектепте мектепалды даярлық сыныптары, кітапхана, медициналық кабинет, ойын және демалыс аймақтары жұмыс істейді. Асхана 180 орынға шақталған.
Темір ауданының әкімі Алмас Жақсылықов Білім күнімен құттықтап, жаңа мектептің ауылдағы білім сапасын арттырудағы маңызына тоқталды.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев білім сапасын арттыруды, балаларға қолайлы жағдай жасауды және ауыл мен қала мектептері арасындағы инфрақұрылымдық алшақтықты азайтуды басты назарда ұстап келеді. Бүгін ескі, апатты күйде тұрған мектептің орнына жаңа, заманауи білім ордасы ашылып отыр. Бұл – балаларға жасалған нақты инвестиция. «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында салынған бұл мектеп оқушылардың білім алуына ғана емес, олардың зерттеу, шығармашылық және технологиялық қабілеттерін дамытуға мүмкіндік береді», – деді аудан әкімі.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aktobe/press/news/details/1283957?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау