МАЛ ҰРЛЫҒЫНЫҢ АЛДЫН АЛУ – ОРТАҚ МІНДЕТ

Жарияланды:

Автор:

категорияда

 

Мал ұрлығы – ауыл тұрғындарының тұрмысына, шаруа қожалықтарының жұмысына және азаматтардың жеке меншігіне елеулі зиян келтіретін қылмыс. Төрт түлік – көптеген отбасының негізгі күнкөріс көзі әрі жылдар бойғы адал еңбегінің нәтижесі. Сондықтан малды қорғау, ұрлықтың алдын алу және күдікті әрекеттер туралы дер кезінде хабарлау – әр азаматтың міндеті.

ЗАҢДА ҚАНДАЙ ЖАУАПКЕРШІЛІК КӨЗДЕЛГЕН?

Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 188-1-бабына сәйкес, мал ұрлау – бөтеннің малын жасырын жымқыру болып саналады.

Заңда мал ұрлығы үшін мынадай жауапкершілік белгіленген:

• ауырлататын мән-жайларсыз жасалған мал ұрлығы үшін мүлікті тәркілей отырып, 3 000 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл салу, сол мөлшерде түзеу жұмыстарына тарту, 5 жылға дейін бас бостандығын шектеу немесе бас бостандығынан айыру;

• алдын ала сөз байласқан адамдар тобы жасаған немесе ірі мөлшерде жасалған мал ұрлығы үшін мүлікті тәркілей отырып, 3 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру;

• бірнеше рет жасалған немесе тұрғын үйдің, кәсіпорынның, ұйымның, мекеменің, мал қораның, қашаның не басқа қойманың ауласына кіру арқылы жасалған мал ұрлығы үшін мүлікті тәркілей отырып, 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру;

• қылмыстық топ жасаған немесе аса ірі мөлшерде жасалған мал ұрлығы үшін мүлікті тәркілей отырып, 7 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.

Қылмыстық кодекстің аталған бабында ірі қара мал, жылқы мен есек, түйе, ұсақ мал және шошқа «мал» ұғымына жатқызылған.

ҰРЛАНҒАН МАЛДЫ САТЫП АЛУ ДА ЖАУАПКЕРШІЛІККЕ ӘКЕЛЕДІ

Құжатсыз, күмәнді жағдайда немесе нарықтық бағадан тым арзан сатылып жатқан малды сатып алмаңыз. Сатып алушы малдың қылмыстық жолмен табылғанын біле тұра оны иемденсе немесе өткізуге көмектессе, Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 196-бабы бойынша жауапкершілік туындауы мүмкін.

Мал сатып аларда:

• сатушының жеке басын анықтаңыз;

• малға қатысты ветеринариялық құжаттарды тексеріңіз;

• сырғадағы сәйкестендіру нөмірін құжаттағы мәліметтермен салыстырыңыз;

• сатып алу-сату фактісін жазбаша рәсімдеңіз;

• төлем жасалғанын растайтын құжатты сақтаңыз;

• малдың шығу тегі күмән тудырса, сатып алудан бас тартып, полицияға хабарлаңыз.

МАЛ ҰРЛЫҒЫНЫҢ АЛДЫН АЛУ ЖОЛДАРЫ

  1. Малды қараусыз қалдырмаңыз

Малды ұйымдасқан түрде бағып, сенімді бақташының бақылауына берген дұрыс. Жайылымдағы малдың санын күн сайын тексеріп отырыңыз. Иесіз және бақылаусыз жүрген мал ұрылардың оңай олжасына айналуы мүмкін.

  1. Мал қорасын қауіпсіздендіріңіз

Қораның есігіне сапалы құлып орнатып, қоршаудың бүтіндігін үнемі тексеріңіз. Қора мен аулаға жарық шамдарын, дабыл жүйесін, қозғалыс датчиктерін және бейнебақылау камераларын орнату тиімді.

  1. Малды міндетті түрде сәйкестендіріңіз

Малдың сырғасы, таңбасы, ен-таңбасы және ветеринариялық құжаттары толық болуы керек. Мүмкіндік болса, электрондық чип немесе GPS құрылғысын пайдаланыңыз. Малдың ерекше белгілерін жазып, түрлі жағынан түсірілген фотосуреттерін сақтаңыз.

  1. Нақты есеп жүргізіңіз

Әр малдың жасын, түсін, тұқымын, сырға нөмірін және ерекше белгілерін жеке тізімге енгізіңіз. Мал жоғалған жағдайда бұл мәліметтер оны іздеуге және меншік иесін анықтауға көмектеседі.

  1. Көршілермен бірлесіп бақылау ұйымдастырыңыз

Ауыл тұрғындары кезекшілік ұйымдастырып, күдікті көліктер мен бейтаныс адамдар туралы бір-біріне жедел хабарлағаны жөн. Мал тасымалдайтын көліктің нөмірін, түсін, маркасын және бағытын есте сақтап немесе қауіпсіз жерден суретке түсіріп алыңыз.

  1. Мал тасымалына мұқият болыңыз

Малды құжатсыз тасымалдауға және сатуға жол бермеңіз. Мал тиеп жүрген күдікті көлікті байқасаңыз, өз бетіңізше тоқтатуға тырыспай, полицияға хабарлаңыз.

МАЛ ЖОҒАЛСА НЕ ІСТЕУ КЕРЕК?

Малдың жоғалғанын байқаған бойда уақыт өткізбей:

• 102 нөміріне қоңырау шалыңыз;

• оқиға болған орынды өзгеріссіз сақтаңыз;

• іздерді, көлік доңғалағының таңбасын және басқа айғақтарды баспаңыз;

• малдың сырға нөмірін, түсін, жасын, тұқымын және ерекше белгілерін полицияға хабарлаңыз;

• малдың фотосуреттері мен ветеринариялық құжаттарын ұсыныңыз;

• күдікті адамдар мен көліктер туралы мәлімет беріңіз;

• көршілерден және жақын маңдағы бейнекамералардан алынған ақпаратты жинауға көмектесіңіз.

Ұрлық туралы кеш хабарлау қылмыстың ізін суытып, малды табуды қиындатады. Сондықтан әрбір жағдай бойынша полицияға дереу хабарлау қажет.

Мал ұрлығының алдын алу тек полицияның жұмысы емес. Мал иелерінің жауапкершілігі, ауыл тұрғындарының ауызбіршілігі, заңды сауда және ортақ қырағылық қана бұл қылмысқа тосқауыл қоя алады.

Мал – адал еңбекпен жиналған дүние. Өз мүлкімізге жауапкершілікпен қарап, өзгенің еңбегіне қол сұғуға жол бермейік!

Заңнамалық негіз: Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 188-1-бабы және 196-бабы.

 

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhetysu-eskeldy-konyr/press/news/details/1284159?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version