Жетісу облысында полиция қызметкерлері кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу және олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында кешкі және түнгі уақытта рейдтік іс-шаралар өткізуде.
Профилактикалық жұмыстар аясында мобильді топтар қоғамдық орындарды, аулаларды, демалыс аймақтарын және ойын-сауық орындары орналасқан аумақтарды патрульдеуде. Кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта ата-анасының немесе заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз тұрғынжайдан тыс жерде болу фактілерін анықтауға ерекше назар аударылуда.
1 қыркүйекте өткізілген рейд барысында түнгі уақытта ересектердің қарауынсыз көшеде жүрген 30 кәмелетке толмаған анықталды. Олардың ата-аналары мен заңды өкілдері әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Жасөспірімдермен және олардың ата-аналарымен құқық бұзушылықтардың қайталануына жол бермеу мақсатында профилактикалық әңгімелер жүргізілді.
Полиция ата-аналарға балаларының бос уақытын бақылауда ұстап, кешкі және түнгі уақытта олардың қайда жүргенін білу қажеттігін ескертеді.
Мұндай профилактикалық рейдтер алдағы уақытта да жалғасады. Басты мақсат – құқық бұзушылықтардың алдын алу, кәмелетке толмағандарды ықтимал қауіп-қатерден қорғау, қоғамдық тәртіп пен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-zhetysu/press/news/details/1284363?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау