Көп жағдайда: «Еңбек өтіліміз бірдей болса, зейнетақымыз да бірдей болуы керек» деген пікір қалыптасады. Алайда іс жүзінде зейнетақы төлемдерінің мөлшері тек еңбек өтілінің ұзақтығына байланысты емес.
Зейнетақы төлемдерін есептеу кезінде 1998 жылғы 1 қаңтарға дейінгі еңбек өтілі, ынтымақты зейнетақыны тағайындау кезінде ескерілетін орташа айлық табыс, зейнетақы жүйесіне қатысу өтілі, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы (БЖЗҚ) зейнетақы жинақтарының мөлшері және заңнамада көзделген басқа да көрсеткіштер ескеріледі.
Сонымен қатар, адамның қай кезеңде еңбек еткені және оның зейнетақы құқықтарының қалай қалыптасқаны да маңызды рөл атқарады.
Мысалы, екі адамның жалпы еңбек өтілі 30 жылдан болуы мүмкін. Алайда олардың бірінде 1998 жылға дейінгі еңбек өтілі ұзақ, есепке алынатын орташа айлық табысы жоғары және зейнетақы жинақтары көбірек болуы ықтимал. Осыған байланысты олардың зейнетақы төлемдерінің мөлшері де әртүрлі болады.
Сондықтан зейнетақы мөлшерін тек еңбек өтілінің жылдарымен салыстыру дұрыс емес.
Бірдей еңбек өтілі – бірдей зейнетақы деген сөз емес.
Зейнетақы төлемдері әр азаматқа жеке есептеледі және нақты адамның еңбек өтілі, табысы, зейнетақы жүйесіне қатысуы, жинақтары туралы мәліметтерге және қолданыстағы заңнама нормаларына сәйкес айқындалады.
Мақала авторы:
Б.Е. Әшімов,
Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің Ақтөбе облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/enbek-aktobe/press/news/details/1284813?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау