Қазақстан Республикасында фармацевтикалық нарықты мемлекеттік реттеуді жетілдіру шеңберінде дәрілік заттарға бағаны реттеу саласын оңтайландыру бойынша кезең-кезеңімен жұмыс жүргізілуде. Бұл ретте әлеуметтік маңызы бар дәрілік заттардың қолжетімділігін қорғау тетіктері сақталады.
Жүргізіліп жатқан жұмыстың негізгі мақсаты — фармацевтикалық нарықта бәсекелестік ортаны қалыптастыру, дәрілік заттардың халық үшін қолжетімділігін арттыру, нарыққа қатысушыларға түсетін артық әкімшілік жүктемені азайту және бағаларды мемлекеттік реттеу тетіктерін жетілдіру.
Реттеудің заңнамалық негізі
Дәрілік заттарға бағаны мемлекеттік реттеу Қазақстан Республикасының «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодексіне сәйкес жүзеге асырылады.
Кодекстің 245-бабына сәйкес, мемлекеттік бағаны реттеу баға реттелуге жататын дәрілік заттар тізбесіне енгізілген көтерме және бөлшек саудада өткізуге арналған дәрілік заттарға, сондай-ақ тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі (ТМККК) шеңберінде және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесінде сатып алынатын дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарға қолданылады.
Бұл саладағы негізгі заңға тәуелді нормативтік құқықтық акт — Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2020 жылғы 11 желтоқсандағы № ҚР ДСМ-247/2020 бұйрығымен бекітілген «Дәрілік заттарға, сондай-ақ ТМККК және (немесе) МӘМС жүйесі шеңберінде медициналық бұйымдарға шекті бағаларды және үстеме бағаны реттеу, қалыптастыру қағидалары».
Аталған Қағидалар бағасы реттелуге жататын дәрілік заттар тізбесін қалыптастыру, бағаларды тіркеу және қайта қарау, сондай-ақ көтерме және бөлшек саудадағы шекті бағаларды қалыптастыру тәртібін айқындайды.
Неғұрлым атаулы реттеуге кезең-кезеңімен көшу
Жүргізіліп жатқан жұмыс кең ауқымды әкімшілік реттеуден неғұрлым атаулы тәсілге біртіндеп көшуді көздейді. Бұл ретте мемлекеттік реттеу ең алдымен әлеуметтік және медициналық маңыздылығын, бәсекелестік деңгейін және баламаларының қолжетімділігін ескере отырып, реттеуді қажет ететін дәрілік заттарға қатысты қолданылады.
Бағасы реттелуге жататын дәрілік заттар тізбесін қалыптастыру кезінде, атап айтқанда, мыналар ескеріледі:
- халықаралық патенттелмеген атауы ұқсас дәрілік заттардың болуы;
- тіркелген саудалық атаулар мен өндірушілердің саны;
- нарықтың тиісті сегментіндегі бәсекелестік деңгейі;
- дәрілік заттың әлеуметтік және медициналық маңыздылығы;
- дәрілік заттың халық үшін қолжетімділік деңгейі;
- тапшылық туындау тәуекелі;
- нарықтағы баға жағдайы.
Қолданыстағы Қағидаларға сәйкес, тізбе жобасын мемлекеттік сараптама ұйымы заңнамада белгіленген критерийлерді ескере отырып қалыптастырады және оны монополияға қарсы органмен келісу және кейіннен бекіту үшін уәкілетті органға жолдайды.
Бұл ретте заңнамада көтерме және бөлшек саудада өткізу үшін баға реттелуге жататын дәрілік заттар тізбесін уәкілетті органның монополияға қарсы органмен келісу бойынша жарты жылда бір реттен жиі емес бекітетіні көзделген.
Осылайша, дерегуляция дәрілік заттарға бағаларды мемлекеттік бақылауды бір мезетте толық жоюды білдірмейді. Шешімдер фармацевтикалық нарықтағы нақты жағдайды және халықты дәрілік заттармен қамтамасыз етудің тұрақтылығын сақтау қажеттілігін ескере отырып, кезең-кезеңімен қабылданады.
Баға қалыптастыру тетіктерін жетілдіру
Реттелетін дәрілік заттардың шекті бағалары заңнамада белгіленген тәсілдерге сәйкес қалыптастырылады.
Негізгі құралдардың бірі — референттік баға белгілеу, ол референттік елдердегі бағалар туралы деректерді, өндірушінің бағасы туралы ақпаратты, сондай-ақ дәрілік затты Қазақстан Республикасына нақты әкелу бағасын ескере отырып, дәрілік заттардың бағаларына талдау жүргізуді көздейді.
ТМККК және МӘМС шеңберінде сатып алынатын дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарға бағаны мемлекеттік реттеу сақталады. Бұл бюджет қаражатын ұтымды пайдалануға және халық үшін дәрілік терапияның қолжетімділігін қамтамасыз етуге бағытталған.
2026 жылы нормативтік базаны өзектендіру
2026 жылы дәрілік заттарға бағаны реттеу саласындағы нормативтік база қосымша өзектендірілді.
Атап айтқанда, Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің міндетін атқарушының 2026 жылғы 15 сәуірдегі № 44 бұйрығымен № ҚР ДСМ-247/2020 бұйрығына өзгерістер енгізілді. Өзгерістер, оның ішінде, баға реттелуге жататын дәрілік заттар тізбесін қалыптастыру тәртібіне, сондай-ақ бағаларды қалыптастыру және қайта қарау тетіктеріне қатысты болды.
Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2026 жылғы 22 мамырдағы № 56 бұйрығымен көтерме және бөлшек саудада өткізу үшін баға реттелуге жататын дәрілік заттар тізбесі өзектендірілді.
Осылайша, бағаны реттеу жүйесі фармацевтикалық нарықтағы өзгерістерді, бәсекелестік деңгейін және дәрілік заттардың қолжетімділігін қамтамасыз ету қажеттілігін ескере отырып, тұрақты түрде жетілдірілуде.
Дәрілік заттардың жекелеген санаттарын реттеуден шығару фармацевтикалық нарықтағы жағдайды тұрақты мониторингтеумен қатар жүргізіледі.
Шешімдер қабылдау кезінде баға динамикасы, баламалардың болуы, өндірушілер мен жеткізушілердің саны, дәрілік заттардың халық үшін қолжетімділігі, тапшылық туындау тәуекелі, сондай-ақ препараттардың әлеуметтік және медициналық маңыздылығы ескеріледі.
Осы тәсілді іске асыру:
- дәрілік заттарды өндірушілер мен жеткізушілер арасындағы бәсекелестік деңгейін арттыруға;
- дәрілік заттар ассортиментін және баламалардың қолжетімділігін кеңейтуге;
- отандық фармацевтикалық өндірісті дамыту үшін қосымша жағдайлар жасауға;
- нарыққа қатысушыларға түсетін әкімшілік жүктемені азайтуға;
- бағаны қалыптастыру процестерінің ашықтығын арттыруға;
- мемлекеттік бағаны реттеу тетіктерін жетілдіруге;
- нарықтық тетіктерді дамыту мен халықтың мүдделерін қорғау арасындағы теңгерімді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді деп күтілуде.
Дәрілік заттарға бағаны реттеу жүйесін жетілдіру жұмыстары жалғасуда.
Мемлекеттік саясаттың негізгі қағидаты — бәсекелестікті дамыту, нарықтық тетіктерді жетілдіру және дәрілік заттардың халық үшін қолжетімділігі арасындағы теңгерімді қамтамасыз ету.
Бұл ретте реттеуден шығару саласын одан әрі кеңейту фармацевтикалық нарықты, бәсекелестік деңгейін, дәрілік заттардың қолжетімділігін және халықты дәрілік заттармен қамтамасыз етудің тұрақтылығын сақтау қажеттілігін талдау нәтижелері ескеріле отырып жүзеге асырылады.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/dkmfk-astana/press/news/details/1284654?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау