Қазақстан BRICS аясындағы энергетикалық және су ынтымақтастығын ілгерілетуде

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Нью-Дели, 2026 жылғы 2 қыркүйек. Қазақстан Республикасының Үндістан Республикасындағы Елшісі Азамат Ескараев энергетикалық қауіпсіздік пен орнықтылықты қамтамасыз етудегі BRICS басымдықтарына арналған «BRICS Energy Partnerships for Progress and Prosperity» дипломатиялық диалогына қатысты. Іс-шараға BRICS-ке қатысушы мемлекеттер мен серіктес елдердің дипломатиялық миссияларының басшылары, сондай-ақ Үндістанның сарапшылық және академиялық қоғамдастығының өкілдері қатысты.

Талқылау барысында BRICS аясындағы энергетикалық ынтымақтастықтың перспективалары, жаңартылатын энергетиканы, сыни минералдарды, заманауи энергетикалық технологияларды, инфрақұрылым мен инвестициялық өзара іс-қимылды дамыту мәселелері бойынша пікір алмасу өтті. Жеткізу тізбектерінің орнықтылығын нығайту, жаңа энергетикалық және көлік дәліздерін дамыту, сондай-ақ BRICS-ке қатысушы және серіктес мемлекеттер арасындағы технологиялық ынтымақтастықты кеңейту қажеттігі атап өтілді.

Өз сөзінде Елші Ескараев орнықты әрі инклюзивті энергетикалық жүйені қалыптастырудағы BRICS-тің рөліне қатысты Қазақстанның ұстанымын таныстырып, Қазақстанның дәстүрлі және жаңартылатын энергетика, сыни минералдар салаларындағы әлеуетіне, сондай-ақ Еуразиялық көлік-энергетикалық байланыстылықты дамыту мүмкіндіктеріне тоқталды.

Іс-шара аясында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың БҰҰ80 реформалау процесі шеңберінде БҰҰ қамқорлығымен Халықаралық су ұйымын құру жөніндегі бастамасы жеке атап өтілді. Энергетикалық, азық-түлік және су қауіпсіздігі мәселелерінің өзара тығыз байланысты екені, ал су ресурстарына түсіп отырған қысымның күшеюі халықаралық үйлестіруді нығайтуды талап ететіні атап көрсетілді. Қазақстанның бастамасы қолданыстағы халықаралық күш-жігерді шоғырландыруға, өзара іс-қимылдың тиімділігін арттыруға және жаһандық су күн тәртібіне қажетті саяси назар аударуға бағытталған.

Аталған іс-шараға қатысу және серіктестік формат аясындағы ынтымақтастықты талқылау Қазақстан делегациясының ү.ж. 12–13 қыркүйекте Нью-Дели қаласында өтетін BRICS саммитіне қатысуы қарсаңында айрықша өзекті болып табылады. Бұл өз кезегінде Қазақстанның басымдықтарын айқындауға және бірлестік күн тәртібінің мазмұндық тұрғыдан толығуына үлес қосуға мүмкіндік береді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-delhi/press/news/details/1284996?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version