«СЕВКАЗЭНЕРГО» акционерлік қоғамының атынан хабарласу – интернет-алаяқтар Солтүстік Қазақстан облысының тұрғындарына қолданатын кең таралған тәсілдердің бірі. Кәсіпорын қызметкерлерінің өзіне мұндай қоңыраулар түспейді. Оларға алаяқтар ұялы байланыс операторларының, домофондарға қызмет көрсететін компаниялардың және басқа да ұйымдардың қызметкерлері ретінде хабарласады.
Жалпы, СҚО-да интернет-алаяқтық фактілері азайып келеді: сегіз айда олардың саны 24%-ға төмендеген. Полицияның ауқымды профилактикалық жұмысы өз нәтижесін беруде. Мәселен, биыл акционерлік қоғамның бірде-бір қызметкері кибералаяқтардың құрбаны болған жоқ. Дегенмен кейбір қызметкерлер алаяқтарға төрт таңбалы кодты айтып үлгерген. Кейін олар бұл әрекеттің қандай қауіп төндіретінін түсіндіруді сұрап, полицияға хабарласқан.
Осыған байланысты акционерлік қоғамның басшылығы полиция қызметкерлерін ұжыммен түсіндіру жұмыстарын жүргізуге шақырды. Полицейлер бөгде адамдарға төрт таңбалы кодты айтуға болмайтынын түсіндірді. Алайда мұндай жағдай орын алған болса, дүрбелеңге салынудың қажеті жоқ.
Кодтың өзі адамның қаржысына тікелей қол жеткізуге мүмкіндік бермейді. Егер кейін қылмыстық схеманың басқа қатысушысы қоңырау шалып, осы код арқылы сіздің атыңызға біреулер несие рәсімдегенін айтса, оған сенбеңіз. Бұл – сізді «айнадағы» несие рәсімдеуге және ақшаны «қауіпсіз шотқа» аударуға мәжбүрлеу үшін қолданылатын сылтау. Осылайша жәбірленушілер өз қолдарымен ақшасын алаяқтарға жібереді.
Сонымен қатар полицейлер қызметкерлерге WhatsApp-тағы топқа сілтеме жасалған QR-кодтарды таратты. Мұнда алаяқтық схемалары туралы қосымша ақпарат алып, тәулік бойы кеңес алуға болады. Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері бұл топта тәулік бойы кезекшілік атқарады. Бұдан бөлек, +7 708 022 0945 сенім телефоны жұмыс істейді. Бұл нөмір арқылы кеңес алуға немесе ықтимал киберқылмыс туралы анонимді түрде хабарлауға болады.
Жыл басынан бері СҚО-да 388 интернет-алаяқтық фактісі тіркеліп, келтірілген залалдың жалпы сомасы 1 миллиард теңгеден асты. Қылмыскерлердің қолданатын тәсілдері туралы халықтың хабардар болуы – интернет-алаяқтықтың алдын алудың ең сенімді жолдарының бірі.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-sko/press/news/details/1285442?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау