2024 жылғы 6 ақпаннан 2026 жылғы 3 қыркүйекке дейін Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрлігін Шыңғыс Әріноа басқарды. Ұзақтығы 940 күнді құраған бұл кезең азаматтық қорғау жүйесін кешенді жаңғыртудың маңызды кезеңіне айналды.
Өзгерістердің негізіне «ТЖМ 2.0» тұжырымдамасы алынды. Ол төтенше жағдайлардың салдарын жоюға ден қоюдан тәуекелдерді болжауға, қауіптердің алдын алуға және күштерді бірыңғай ақпараттық кеңістікте басқаруға көшуді көздеді. Жұмыс күн сайын нақты нәтижеге қол жеткізу қағидатына негізделді. Өрт сөндіру және құтқару бөлімшелеріне, әскери бөлімдерге, авиацияға, апаттар медицинасына, судағы қауіпсіздікке, өнеркәсіптік және сейсмикалық қауіпсіздікке, кадр даярлауға және ведомстволық бағынысты ұйымдарды дамытуға бірдей көңіл бөлінді. Басты басымдық адам өмірі мен жеке құрамның дер кезінде көмек көрсетуге дайындығы болып қала берді. Барлық нәтижеге ТЖМ ұжымының бірлескен жұмысы, Мемлекет басшысы мен Үкіметтің қолдауы, мемлекеттік органдармен, жергілікті атқарушы органдармен, ұйымдармен және еріктілермен өзара іс-қимылдың арқасында қол жеткізілді.
Су тасқындарының тәжірибесінен басқарудың жаңа жүйесіне
2024 жылғы ауқымды су тасқындары азаматтық қорғаудың мемлекеттік жүйесі үшін үлкен сынақ болды. Авариялық-құтқару және эвакуациялық іс-шараларға ТЖМ, Қорғаныс министрлігінің, Ұлттық ұланның, ішкі істер органдарының, жергілікті атқарушы органдардың, медициналық қызметтердің бөлімшелері мен еріктілер қатысты.
Қауіпті аймақтардан 120 мыңнан астам адам эвакуацияланды. Адамдар жүзу құралдарымен, арнайы техникамен және әуе кемелерімен шығарылып, су басып қалған елді мекендерден жеткізіліп, қауіпсіз жерлерге орналастырылды.
Су тасқындарының тәжірибесін ескере отырып, тұрақты байланыс пен ведомствоаралық үйлестіруге ерекше көңіл бөлінді. Азаматтық қорғау жүйесінде бөлімшелердің, соның ішінде кәдімгі ұялы байланыс жоқ аумақтардағы сенімді өзара іс-қимылына арналған радиожелісі құрылды.
ТЖМ Командалық орталығы жаңғыртылды. Кезекші қызметтердің жұмыс алгоритмдері қайта қаралып, тәулік бойы мониторинг күшейтілді және өңірлік бөлімшелермен өзара іс-қимыл жетілдірілді. Өңірлерден келетін ақпарат бірыңғай жедел ахуалға біріктіріле бастады.
Жағдайды бағалау үшін ұшқышсыз ұшу аппараттарынан онлайн трансляциялар, спутниктік деректер, геоақпараттық жүйелер және қауіпті аймақтардың цифрлық карталары қолданыла бастады. Жасанды интеллект технологиялары ақпаратты өңдеу, табиғи қауіптерді талдау және ықтимал қауіпті учаскелерді анықтау үшін енгізілді. Цифрландыру болжамдардың дәлдігін арттыруға, қажетті күштер мен құралдарды алдын ала анықтауға және ден қою уақытын қысқартуға мүмкіндік берді. Төтенше жағдайлар туралы Mass Alert жедел хабарлау жүйесін енгізу жалғасты.
Аумақтық бөлімшелер мен ведомстволық бағынысты ұйымдар бірыңғай басқару вертикаліне біріктірілді. Бұл ресурстарды орталықтандыруға, үйлестіруді жеңілдетуге және шешім қабылдауды жеделдетуге мүмкіндік берді.
Техника және заманауи инфрақұрылым
2024 жылдан 2026 жылға дейін ТЖМ автопаркі 1 468 бірлік түрлі техникамен толықты. Оның ішінде 700 бірлік өрт сөндіру техникасы бар.
Бөлімшелер арнайы автомобильдермен, заманауи құтқару жабдықтарымен, байланыс құралдарымен, ұшқышсыз ұшу аппараттарымен, роботтандырылған техникамен және өрт-техникалық қару-жарақпен қамтамасыз етілді. Техниканы жаңарту бөлімшелердің мобильдігін арттырып, жетуі қиын жерлерде жұмыстар жүргізу мүмкіндігін кеңейтті.
2024 жылдың басынан бастап 2026 жылдың сегіз айының қорытындысы бойынша 45 өрт сөндіру депосы және 16 құтқару бөлімшесі салынды. Барлығы 61 жаңа өрт сөндіру және құтқару нысаны пайдалануға берілді. Еліміз бойынша 350-ден астам нысан жаңғыртылып, жөндеуден өтті.
Құрылыс тәсілі де өзгерді. Жаңа нысандар тәулік бойы қызмет атқаруға арналған толыққанды кешендер ретінде салына бастады. Олардың құрамында оқу сыныптары, медициналық кабинеттер, демалыс және тамақтану бөлмелері, жаттығу алаңдары, спорт алаңдары мен жылы ангарлар қарастырылды. Сонымен қатар жұмыс істеп тұрған бөлімшелерге реновация жүргізілді. Ел бойынша жүздеген нысан түрлі жөндеу жұмыстарымен қамтылды.
Ауылдық елді мекендердің қауіпсіздігі
«ТЖМ 2.0» бағдарламасының маңызды бағыттарының бірі кәсіби өрт сөндіру бөлімшелерінен шалғай орналасқан ауылдарды өрттен қорғау болды.
«Ауыл құтқарушылары» бағдарламасы аясында елімізде 255 ерікті өртке қарсы құралымы құрылды. Оларға өрт сөндіру автомобильдері, байланыс құралдары, жабдықтар, өрт-техникалық қару-жарақ және арнайы киім берілді. Еріктілер ТЖМ аумақтық бөлімшелерінде даярлықтан өтті. Ерікті құралымдарды дамыту негізгі күштер келгенге дейін өртті сөндіруге және алғашқы кезектегі құтқару жұмыстарын бастауға мүмкіндік береді. Жаңа бекеттер өздері орналасқан елді мекендерді ғана емес, көршілес ауылдарды да қорғауды қамтамасыз етеді.
Авиация және апаттар медицинасы
ТЖМ тарихында алғаш рет ұшақтар мен басқа да әуе кемелері сатып алынды. Авиациялық парк 13 заманауи әуе кемесімен толықты. Авиация құтқару топтарын жедел жеткізу, жабдықтар мен гуманитарлық жүктерді тасымалдау, табиғи өрттерді сөндіру, әуеден барлау, іздестіру-құтқару жұмыстары және медициналық эвакуация үшін пайдаланылды.
Өңірлік авиациялық отрядтарды қалыптастыру, ангарлар салу және тікұшақ алаңдарын құру басталды. Жеке авиациялық инфрақұрылымды дамыту ден қою жүйесінің дербестігі мен мобильдігін арттырды.
Санитарлық авиация шалғай және жетуі қиын елді мекендерден пациенттерді шұғыл тасымалдауды қамтамасыз етті. «Қазавиақұтқару» АҚ экипаждары медициналық бригадалармен бірлесіп, медициналық көмектің уақтылы көрсетілуі шешуші маңызға ие болған жағдайларда тапсырмаларды орындады.
Апаттар медицинасы орталығының материалдық-техникалық базасы нығайтылды. Реанимобильдер, санитарлық көлік, медициналық техника, байланыс құралдары және трассалық медициналық-құтқару бекеттері жаңартылды. Медициналық қызметкерлер бірнеше бағыттағы мамандарды біріктіретін әмбебап құтқару бөлімшелерінің құрамына енгізілді.
Судағы және Каспий теңізіндегі қауіпсіздік
Құтқару станциялары мен жүзу құралдарын жаңарту жұмыстары жалғастырылып, жедел әрекет ету мобильді топтары құрылды. Жағалау аймақтарында жасанды интеллект технологияларын пайдалана отырып, бейнебақылау жүйесін енгізу басталды.
2024 жылы адамдарды құтқаруға, апатқа ұшыраған кемелерге көмек көрсетуге және мұнайдың авариялық төгілуінің салдарын жоюға арналған «Теңіз жасағы» мамандандырылған бөлімшесі құрылды. Мұнайдың авариялық төгілуінің салдарын жою, өрт сөндіру, авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізу және Каспий теңізінің қазақстандық секторындағы төтенше жағдайларға ден қоюға арналған көпфункционалды кеме сатып алынды. Жобаны іске асыру жұмыстары жалғасуда.
2026 жылғы 1 шілдеден бастап шағын көлемді кемелерге мемлекеттік бақылау және қадағалау функциялары Төтенше жағдайлар министрлігіне берілді. Бұл профилактикалық, бақылау және құтқару функцияларын бір жүйеге біріктіруге мүмкіндік берді.
Әскери бөлімдер және жеке құрамды даярлау
Азаматтық қорғаныс әскери бөлімдерінің казармалық қоры жаңартылды, әскери қызметшілердің тұрмыстық жағдайы жақсартылды, арнайы техника, экипировка және құтқару жабдықтары жаңартылды. Мобильділікті арттыру мақсатында өңірлерде ірі төтенше жағдайлар аймақтарына жедел шыға алатын құтқару батальондары құрылды. Мерзімді әскери қызметшілер азаматтық мамандықтарды меңгеру мүмкіндігіне ие болды. Мұндай даярлық қызмет аяқталғаннан кейін алған білімдері мен дағдыларын пайдалануға мүмкіндік береді.
«Алатау» жедел мақсаттағы Оңтүстік базасын дамыту жалғасты. Ол жойқын жер сілкінісі немесе басқа да ірі төтенше жағдай кезінде құтқару күштерін орналастыруға, жұмыстарды үйлестіруге және халыққа көмек көрсетуге арналған.
Қызметкерлерді әлеуметтік қорғау
Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау мақсатында тұрғын үй төлемдері, қызмет бойынша ауысқан кезде көтерме жәрдемақылар, төтенше жағдайлар кезінде міндеттерді орындағаны үшін қосымша төлемдер және еңбек сіңірген жылдарды жеңілдікпен есептеу енгізілді.
Ведомстволық тұрғын үй қорына реновация жүргізілді, жеке құрамның тұрмыстық жағдайы жақсартылды, жаңа қызметтік тұрғын үй құрылысы басталды.
Министрлік тарихында алғаш рет құтқарушылар мен олардың отбасы мүшелеріне арналған «112 Resort Aktau» жеке демалыс базасы пайдалануға берілді. Сонымен қатар қызметкерлер үшін басқа демалыс базаларында тегін отбасылық демалыс ұйымдастырылды.
Тұрғын үймен қамтамасыз ету, әлеуметтік инфрақұрылым және санаторийлік-курорттық емдеу жүйесін дамыту қызметкерлердің әлеуметтік қорғалуын арттыруға және күрделі міндеттерді орындағаннан кейін олардың қалпына келуіне жағдай жасауға бағытталды.
Тәуекелдердің алдын алу, ғылым және ведомстволық бағынысты ұйымдар
Сейсмикалық станциялар, гидрологиялық және бақылау бекеттері жаңғыртылды, ерте хабарлаудың автоматтандырылған жүйелері енгізілді. Қазақстан-Қытай жер сілкіністерін бірлесіп зерттеу орталығын құру бойынша жұмыс басталды.
Өнеркәсіптік қауіпсіздік саласында бақылау мен профилактика күшейтілді. Тау-кен кәсіпорындарында бақылау, авариялық хабарлау, позициялау және жұмысшыларды іздеу жүйелері енгізілді. Қауіпті өндірістік нысандар кезең-кезеңімен ТЖМ Ситуациялық орталығына қосылды.
Өрт, өнеркәсіптік және сейсмикалық қауіпсіздік салаларындағы талаптар, құрылыс нормалары, сақтандыру тетіктері және тәуекелдерді бағалау тәсілдері жетілдірілді.
Мемлекеттік материалдық резерв жүйесі де жаңғыртылды. Материалдық құндылықтардың номенклатурасы өзектендірілді, сақтау нысандары жаңартылып, қойма инфрақұрылымы дамытылды.
Сел және опырылу салдарын алдын алуға және жоюға бағытталған арнайы инженерлік іс-шараларды жүзеге асыратын «Селденқорғау құрылыс» кәсіпорнының қызметі қайта жанданды. Оның техникасы мен өндірістік базасы жаңартылды.
Мәлік Ғабдуллин атындағы Азаматтық қорғау академиясын дамыту жалғасты. Заманауи оқу корпустары, жатақханалар және спорт инфрақұрылымы бар жаңа оқу кешенін салуға дайындық басталды.
Дамудың келесі кезеңі
«ТЖМ 2.0» азаматтық қорғаудың тәуекелдердің алдын алуға және халыққа жедел көмек көрсетуге бағытталған бірыңғай, технологиялық және мобильді жүйесіне көшу кезеңі болды.
Шыңғыс Әріновтың министрлік басшылығындағы кезеңі техника мен инфрақұрылымды жаңартумен, авиациялық және теңіз мүмкіндіктерін дамытумен, басқаруды цифрландырумен, ауылдардың қауіпсіздігін күшейтумен және қызметкерлердің әлеуметтік қорғалуын арттырумен байланысты болды.
Басталған жобалар одан әрі дамытуға бағытталған. Олардың ортақ мақсаты мемлекеттің төтенше жағдайларға дайындығын арттыру, халықты қорғау және бөлімшелердің кәсіби әлеуетін нығайту болып табылады.
940 күн жүйелі өзгерістер кезеңіне айналды. Бұл өзгерістердің нәтижелері адамдардың қауіпсіздігі мен Қазақстанның болашағы үшін қызмет етуді жалғастыра береді.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/emer/press/news/details/1285430?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау