Талдықорған қаласының Жоғары политехникалық колледжінде Жетісу облысы Полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері Есірткі құқық бұзушылықтарының алдын алу жөніндегі кеңес мүшелерімен бірлесіп, студенттермен профилактикалық кездесу өткізді.
Іс-шара «Ашық микрофон» форматында ұйымдастырылып, жастар өздерін қызықтырған сұрақтарын еркін қойып, сала мамандарынан білікті жауаптар алды.
Кездесу барысында студенттерге есірткінің заңсыз айналымына байланысты құқықтық және әлеуметтік салдарлар түсіндірілді. Әсіресе жастарды «жеңіл жолмен ақша табу» деген желеумен тыйым салынған заттарды таратуға тарту қаупіне ерекше назар аударылды.
Полиция қызметкерлері бір ғана ойланбай қабылданған шешімнің қылмыстық жауапкершілікке, соттылыққа әкеліп, адамның білім алуына, жұмысқа орналасуына және болашақ өміріне кері әсер етуі мүмкін екенін атап өтті.
Студенттердің ерекше қызығушылығын бұған дейін есірткі құқық бұзушылығы үшін жауапкершілікке тартылған волонтердің сөзі тудырды. Ол өз тәжірибесімен бөлісіп, жіберген қателіктері мен оның салдары туралы айтып, жастарды өз жолын қайталамауға шақырды.
«Мен жастардың өзгенің қателігінен сабақ алғанын қалаймын. Бір ғана ойланбай жасалған әрекет бүкіл өмірді өзгертуі мүмкін. Жеңіл ақша үшін болашағыңа тәуекел етудің қажеті жоқ», – деді волонтер.
Кездесу соңында студенттерге өз ортасына мұқият болу, күмәнді ақша табу туралы ұсыныстарға келіспеу және күдікті жағдайлар туындаған кезде дер кезінде көмекке жүгіну ұсынылды.
Жастармен профилактикалық жұмыстар тұрақты түрде жүргізіліп, олардың құқықтық сауаттылығын арттыруға, есірткі құқық бұзушылықтарының алдын алуға және өскелең ұрпақтың өз болашағына жауапкершілікпен қарауын қалыптастыруға бағытталған.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-zhetysu/press/news/details/1285089?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау