КЕЗЕКТІ СЕССИЯ ОТЫРЫСЫ ӨТТІ
Ағымдағы жылдың 21 тамыз күні аудандық мәслихаттың кезекті сессия отырысы мәслихат төрағасы Ө.Елеусіновтың төрағалығымен өтті. Сессия отырысына мәслихат депутаттары, аудан әкімінің орынбасарлары, кент және ауылдық округ әкімдері және арнайы шақырылған сала басшылары қатысты.
Сессияның күн тәртібіне 4 мәселе ұсынылып, қаралды:
1) Жалағаш ауданы бойынша әлеуметтік қызмет көрсетудің жайы және оны жақсарту шаралары туралы.
2) Таң ауылдық округі әкімінің өзіне жүктелген функциялары мен міндеттерінің орындалуы туралы есебі.
3) «2026-2028 жылдарға арналған аудандық бюджет туралы» Жалағаш аудандық мәслихатының 2025 жылғы 19 желтоқсандағы № 37-2 шешіміне өзгерістер енгізу туралы.
4) Жалағаш аудандық мәслихатының кейбір шешімдеріне сайлау комиссияларын сайлау мәселелері бойынша өзгерістер енгізу туралы.
Күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша аудан әкімінің орынбасары Ғ.Сүлейменов баяндама жасады.
Жалағаш ауданында әлеуметтік қызмет көрсетудің жай-күйі, халықты әлеуметтік қолдау бағытында мемлекеттік әлеуметтік бағдарламаларды іске асыру бойынша жүйелі жұмыстар жүргізілуде.
Әлеуметтік саланың негізгі бағыттары-азаматтарға әлеуметтік төлемдер мен мемлекеттік әлеуметтік көмектер көрсету, мүгедектігі бар адамдарды қолдау, арнаулы әлеуметтік қызметтермен қамтамасыз ету, сондай-ақ азаматтарды жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларын қабылдау болып табылады.
Әлеуметтік әріптестік бағыты бойынша әлеуметтік және еңбек қатынастары саласындағы мәселелер аудандық үшжақты комиссияның отырыстарында тұрақты түрде қаралып, тиісті шаралар қабылданып келеді.
Отырыстар барысында еңбек заңнамасының сақталуы, еңбек дауларының алдын алу, жұмыс берушілер мен жұмыскерлер арасындағы өзара тиімді қарым-қатынасты қалыптастыру, әлеуметтік әріптестікті дамыту және еңбек қатынастарын жетілдіру мәселелері қаралған.
2026 жылға Жалағаш ауданы бойынша Өңірлік жұмыспен қамту картасы аясында 13 жоба бекітіліп, 126 адамды жұмыспен қамту жоспарланған. 2026 жылдың 1 тамызына 9 жоба бойынша 111 адам жұмыспен қамтылып, жоспардың 88,1 пайызы орындалған.
Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы Президентінің 10 мың халыққа 100 жаңа жұмыс орнын құру бойынша тапсырмасына сәйкес 2026 жылға Жалағаш ауданы бойынша бекітілген жоспарға сәйкес 447 жаңа жұмыс орны құрылу керек болса, ү.ж. 1 тамызына 653 жұмыс орындары құрылған немесе 146,1 пайызға орындалған.
2026 жылға әлеуметтік қолдаудың жекелеген бағыттарына 15 569,0 мың теңге қаралып, оның ішінде туберкулезден емделу сатысындағы 31 азаматқа қосымша тамақтануға 5 874,1 мың теңге төленген.
«Отан», «Даңқ» ордендерімен наградталған, республикалық құрметті атағына ие болған 2 азаматқа 115,0 мың теңге төленген.
Сонымен қатар, тыл ардагерлеріне, Чернобыль апаты мен ядролық сынақтарға қатысушыларға, Семей ядролық сынақтардың салдарынан зардап шеккен азаматтарға, Ауған және Тәжік-Ауған оқиғаларына қатысқан азаматтарға, Таулы Қарабақтағы қақтығыстарға қатысушыларға және басқа да жеңілдік санаттарына жалпы 2026 жылы 32264,8 мың теңге әлеуметтік төлемдер мен көмектер көрсетілген.
25 қазан-Республика күніне орай барлық санаттағы мүгедектігі бар адамдар мен мүгедектігі бар балаларға 3 АЕК мөлшерінде әлеуметтік көмек көрсетуге облыстық бюджеттен 1 447 адамға 18 006,0 мың теңге қарастырылып отыр.
Атаулы әлеуметтік көмек- 2026 жылдың 1 тамызына 63 отбасының 410 мүшесіне 27,5 млн. теңге төленген.
Сонымен бірге АӘК алатын отбасылардың 1 жастан 6 жасқа дейінгі 125 балаға 4,0 млн. теңге төленген.
2026 жылы тұрғын үй көмегі 7 отбасының 14 мүшесіне 141,1 мың теңге тұрғын үй көмегі төленген.
Арнаулы әлеуметтік қызметтер бойынша:
2026 жылғы наурыз айынан бастап Отбасын қолдау орталығына қосымша 41 штат бірлігі беріліп, қарттар мен мүгедектігі бар 85 азаматқа және мүгедектігі бар балалар мен 18 жастан асқан психоневрологиялық аурулары бар 99 азаматқа арнаулы әлеуметтік қызмет көрсетілуде.
Жалпы, 184 қызмет алушыға 37 әлеуметтік қызметкер қызмет көрсетілуде.
Мемлекеттік қызметтердің электрондық форматқа көшуі бойынша жақсы көрсеткіштер қалыптасқан.
2024 жылы электрондық қызметтердің үлесі 82,7 пайыз болса, 2025 жылы 89,9 пайызға, ал 2026 жылдың 1 тамызына 98,3 пайызға жетті.
Есепті кезеңде барлығы 1510 мемлекеттік қызмет көрсетілген. Оның 1485-і электрондық үкімет порталы арқылы ұсынылған.
Ауданда мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қолдау жұмыстары тұрақты жүргізілуде.
2026 жылғы 1 тамыздағы жағдай бойынша аудан бойынша 1041 мүгедектігі бар адам тіркелген. Оның 257-сі – 18 жасқа дейінгі балалар.
Мүгедектерді жеке оңалту бағдарламалары бойынша 2026 жылы 1529 өтініш түсіп, оның 1381-і немесе 90,3 пайызы орындалған.
Жыл басынан бері 811 азамат міндетті гигиеналық құралдармен, 50 азамат кресло-арбамен, 113 азамат санаторий-курорттық жолдамамен, 80 азамат тифлотехникалық, 35 азамат сурдотехникалық және 184 азамат протездік-ортопедиялық құралдармен қамтамасыз етілген.
Жүріп-тұруы қиын І топтағы 95 азаматқа жеке көмекші, есту қабілеті бұзылған 6 азаматқа ымдау тілі маманы қызмет көрсетуде.
Мүгедектігі бар балаларды үйде оқытуға байланысты шығындарды өтеу үшін 2026 жылы аудандық бюджеттен 7,6 млн. теңге қаралған. 1 тамыздағы жағдай бойынша 49 баланың ата-анасына 3,2 млн. теңге төленген.
Мүгедектігі бар азаматтардың қоғамдық және әлеуметтік нысандарға кедергісіз қатынауын қамтамасыз ету мақсатында ауданда 3 «Инватакси» автокөлігі жұмыс істейді.
2026 жылға бұл қызметке аудандық бюджеттен 16,3 млн. теңге қаралып, мемлекеттік сатып алу қорытындысымен аталған қызмет «Тұран-Шах Қызылорда» мүгедектер қоғамдық бірлестігімен көрсетіліп келеді.
Депутаттар Г.Курманбаева, Л.Шөменова, Ө.Елеусінов, Ғ.Дүйсекбаев инватакси қызметін көрсетуге байланысты ауданның жергілікті қоғамдық бірлестіктерінде стандартқа сәйкес автокөлік мәселесінің бірнеше жылдан бері шешімін таппауы, облыс әкімінің оқу грантымен оқыған түлектердің жұмыспен қамтылмауы, басқа өңірге қоныс аударған немесе оқуды тастап кеткен балаларға төленген қаржының қайтарылуы, атаулы әлеуметтік көмек алушылар санының жылдан жылға азаюының негізгі себебі, Отбасын қолдау орталығы бойынша қанша отбасыға қолдау көрсетілгені және басқа да жекелеген санаттағы азаматтарға берілетін әлеуметтік төлемдер туралы сұрақтарын қойып, тиісті сала басшылары жауаптарын берді.
Осы мәселе бойынша жарыссөзге шыққан депутат Ғ.Дүйсекбаев атқарылған жұмыстарға оң баға беріп, инватакси қызметіне жергілікті бюджеттен автокөлік алып беруге және жалғыз басты қарттарға санаторлы-курорттық жолдама беруге байланысты бөлімге заңдылықтарын жан-жақты зерделеуді ұсынды. Сонымен қатар тұрақты жұмыс орындарын көбейту және цифрлық сауаттылықты арттыру бағытында азаматтарға жеке консультациялық сүйемелдеу қызметін үздіксіз жүргізу қажеттігін жеткізді.
Күн тәртібіндегі екінші мәселеге байланысты Таң ауылдық округ әкімі Қ.Сейдахметов баяндады.
Таң ауылдық округінің 2026 жылға бекітілген бюджет кірістері 121,4 млн. теңге құраса, шығыстары 121,8 млн. теңге. 1 тамызға бюджеттің жалпы орындалуы 99,9 пайызды құраған.
2026 жылға салық түсімдерінің жоспары 9,5 млн. теңгеге бекітіліп, 7 айда 6,4 млн. теңгеге орындалған.
Округтің салықтық базасын кеңейтіп, жергілікті бюджетті толықтыру мақсатында өзге өңірлерде тіркелген және қызмет атқаратын 2 ЖШС тіркелген. Қазіргі таңда қосымша 3 ЖШС-ны тіркету бағытында жұмыстар атқарылуда.
Ауылда тіркелген 125 кәсіпкерлік субъектісінің 122-сі нақты жұмыс жасауда. «Ауыл аманаты» жобасы аясында мал шаруашылығын дамыту бағытында жалпы құны 11,2 млн теңгені құрайтын 2 жоба мақұлданып, толығымен қаржыландырылған.
Өңірлік карта шеңберінде округте 13 жаңа жұмыс орындары ашылған.
Ауылдағы жұмыссыздық деңгейін төмендету бағытында 22 адам тұрақты жұмыс орындарына, 18 адам қоғамдық жұмыстарға тартылып, жастар тәжірибесі мен әлеуметтік жұмыс орындары арқылы 8 азамат жұмыспен қамтылған.
Қоғамдық тәртіпті сақтау мен санитарлық тазалық талаптарын орындау мақсатында учаскелік полиция инспекторымен бірлесіп жүргізілген рейдтер нәтижесінде ауыл әкімі атынан 5 әкімшілік хаттама толтырылып, 32437 теңге айыппұл салынып, толық өндірілген. Сонымен қатар, учаскелік полиция инспекторымен бірлесе отырып жалпы 23 хаттама толтырылған.
Депутаттар, Ө.Елеусінов, Г.Курманбаева ауылдық округке тіркелген мекемелердің айналысатын бағыты, «Ауыл Аманаты» жобасы аясында мақұлданған жобалардың жұмыс жасауы, ауылдағы жеке балабақшаның салықтық түсімдерінің уақытылы аударылуы туралы сұрақтарын қойып, жауаптарын алды.
Осы мәселе бойынша жарыссөзге шыққан депутат Л.Шөменова ауыл округі әкімімен біршама жұмыстардың атқарылып жатқандығын жеткізіп, ауыл әкімінің жұмысына оң баға берді.Сонымен қатар, ауылдық Мәдениет үйінде жұмыс жасайтын қызметкерлер саны бойынша талдау жасап, қосымша штат бірліктерін қарастыруды ұсынды.
Күн тәртібіндегі үшінші мәселе бойынша хабарлама жасаған аудандық экономика және қаржы бөлімінің басшысы Н.Маратқызы Қызылорда облыстық мәслихатының 2025 жылғы 9 желтоқсандағы «2026-2028 жылдарға арналған облыстық бюджет туралы» 2025 жылғы 9 желтоқсандағы №199 шешіміне өзгерістер енгізу туралы» Қызылорда облысы әкімдігінің 2025 жылғы 12 желтоқсандағы №233 қаулысына өзгерістер енгізу туралы облыс әкімдігінің 2026 жылғы 8 шілдедегі №136 қаулысына сәйкес, сонымен қатар ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) жергiлiктi атқарушы органының резервiнен қысқартылатын және бюджеттік бағдарлама әкімшілеріне бағытталатын қаржылар туралы айтып өтті.
Мәслихат төрағасы Ө.Елеусінов ауданның құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөліміне бағытталып отырған қаржыға байланысты 4 жобаның ішінде жоба сметалық құжаттама мерзімінің аяқталуына байланысты мердігерді анықтап үлгеру мүмкіндігі туралы, орталықтандырылған кәріз жүйесі құрылыстарының жайы, Ақсу ауылындағы жөнделіп жатқан М.Әуезов, Ақбөгет, Қожағұлов көшелері құрылысының аяқталуы және С.Дәулетбеков, Ақарық, Алғабас көшелерінің жоба сметалық құжаттамаларына түзетулер енгізілуі туралы сұрақтарын қойып, тиісті сала басшылары жауап берді.
Төртінші мәселе бойынша аудандық мәслихаттың сайлау комиссияларын қалыптастыру жөніндегі жұмысшы топ төрағасы Қ. Досымов хабарлама жасап, «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық Заңының 19-бабына сәйкес аудандық сайлау комиссиясының қаулыларымен кейбір сайлау комиссияларының құрамынан босатылған мүшелердің орнына ұсынылған кандидатуралар туралы айтып өтті.
Аудан әкімінің орынбасары Ә.Байнахатов сессия отырысында қаралған мәселелердің маңыздылығына тоқталып, шешім жобаларына қолдау білдірген депутаттарға алғысын жеткізді және алдағы саяси науқанға бір кісідей қатысуға шақырды.
Сессия жұмысын аудандық мәслихат төрағасы Ө.Елеусінов қорытындылады.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/maslihat-zhalagash/press/news/details/1285729?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау