«Бір ауыл – бір өнім» (БАБӨ) жобасының он финалисінің есімі Ақмола облысының Кәсіпкерлер палатасы алаңында өткен өңірлік бренд-комитет отырысының қорытындысы бойынша белгілі болды.
Естеріңізге сала кетейік, 20 тамызда Көкшетауда «Бір ауыл – бір өнім» көрмесі өтіп, оған Ақмола облысының 50-ден астам өндірушісі қатысты. Көрме қорытындысы бойынша 20 жартылай финалист іріктелді. Олардың әрқайсысы мемлекеттік органдардың, кәсіпкерлікті дамыту институттарының, бизнес-қоғамдастықтың өкілдері мен Өңірлік кәсіпкерлер палатасының сарапшыларынан құралған бренд-комитет мүшелерінің алдында өз жобаларын таныстырып, қорғады.
Қатысушылар нан-тоқаш, ет және сүт өнімдерін, қолдан жасалған сабын өнімдерін, жартылай фабрикаттарды, кәдесый, қолөнер және тоқыма бұйымдарын, сондай-ақ басқа да бірегей өнімдерін таныстырды.
Іріктеу қорытындысы бойынша он финалист анықталды. Олардың бесеуі Көкшетау қаласының тұрғындары. Ритта Передните экоснэктер — жеміс-жидек пастиласын, жеміс-көкөніс чипстерін және басқа да табиғи өнімдерді шығарады. Русана Нұрсалықова шұжық өнімдерін өндірумен айналысады, ал Валентина Кляус хош иісті диффузорлар мен автокөлікке арналған хош иістендіргіштер жасайды. Ұлттық нақышты өз жобаларында Гүлнар Қапалбаева мен Гүлнар Орынбаева дәріптеп келеді. Гүлнар Қапалбаева дәстүрлі бас киімдер дайындаса, Гүлнар Орынбаева киіз бен жүннен ұлттық киімдер мен бас киімдер жасайды.
Ақкөл ауданынан бірден екі финалист шықты. Ирина Андрющенко — ауданда танымал кәсіпкер, нан-тоқаш және кондитерлік өнімдер өндірумен 20 жылдан астам уақыт айналысып келеді. Оның жерлесі Азамат Мұқышов ағаштан кәдесыйлар, шамдар және басқа да авторлық бұйымдар жасайды.
Финалдық ондыққа облыстың өзге аудандарының тұрғындары да енді. Астрахан ауданынан Әсем Жеңісбекова ірімшік жасау және йогурт өндірумен айналысады. Қосшы қаласынан Роза Скакова ұлттық музыкалық аспаптарды жасау дәстүрін сақтап, оны одан әрі дамытуға үлес қосып келеді. Ал Целиноград ауданынан Нұрлан Төкенов киіз үй жасаумен айналысады.
Жеңімпаздар 5 миллион теңгеге дейінгі гранттарға үміткер бола алады. Сонымен қатар оларға Өңірлік палата сарапшылары тарапынан маркетингтік сүйемелдеу, өнімді брендтеу мен сертификаттауға көмек көрсету, сондай-ақ тауарларды ішкі және сыртқы нарықтарға ілгерілетуге жәрдемдесуді қамтитын кешенді қолдау көрсетіледі.
«Бұл жобалардың бағыттары әртүрлі болғанымен, оларды бір ортақ мақсат біріктіреді — өңірдің дәстүрін, шеберлігін және өзіндік ерекшелігін танытатын сапалы, өзіндік сипаты бар өнім шығаруға ұмтылу. Дәл осындай тауарлар уақыт өте келе Ақмола облысының танымал жергілікті брендтеріне айналуы мүмкін. Жобаға бастаушы кәсіпкерлер де, жұмыс істеп жүрген кәсіпкерлер де, сондай-ақ кәсіпкерлік бастамасы бар азаматтар да қатыса алатынын атап өткім келеді», — деп атап өтті Ақмола облысының Кәсіпкерлер палатасы шағын кәсіпкерлікті дамыту бөлімінің басшысы Анар Саниева.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aqmola-selinograd/press/news/details/1285746?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау