Республикалық “Назар аударыңыз – балалар!” акциясы аясында Павлодар облысы Ертіс ауданының полиция қызметкерлері оқушыларды тасымалдайтын мектеп автобустарының техникалық жағдайын тексерді.
Жаңа оқу жылының басталуымен балаларды тасымалдауға тартылатын көлік саны артады. Осыған байланысты полиция жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және балалардың жол-көлік жарақатының алдын алуға бағытталған профилактикалық жұмыстарды күшейтті.
Рейд барысында инспекторлар мектеп автобустарының техникалық жай-күйіне назар аударып, өрт сөндіргіштер мен алғашқы медициналық көмек қобдишаларының болуын және жарамдылығын тексерді. Сондай-ақ жарқылдауық маяктардың, жарық және дыбыстық сигналдардың жұмыс істеуі, жолаушылар орындарындағы қауіпсіздік белдіктерінің жарамдылығы қаралды.
– Балаларды тасымалдау кезіндегі қауіпсіздік – полицияның басты міндеттерінің бірі. Барлық мектеп автобустары белгіленген талаптарға сай және техникалық тұрғыдан жарамды болуы тиіс, – деді Павлодар облысы Ертіс ауданы полиция бөлімінің аға мемлекеттік автоинспекторы Данияр Башаров.
Сонымен қатар жүргізушілермен профилактикалық әңгімелер жүргізіліп, жол қозғалысы ережелерін, белгіленген жылдамдық режимін қатаң сақтау және балаларды тасымалдау кезіндегі жауапкершілік талаптары түсіндірілді.
Полиция өкілдері жолдағы балалардың қауіпсіздігі барлық жол қозғалысына қатысушылардың тәртібі мен жауапкершілігіне байланысты екенін еске салады.
Мектеп автобустарына қатысты профилактикалық тексерулер оқу жылы бойы жалғасады.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/qriim/press/news/details/1286080?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау