Петропавлдағы Instagram-пабликтердің бірінде қала тұрғыны қауіпті учаскеге назар аударды. Кошуков пен Батыр Баян көшелерінің қиылысында, «Пирамида» сауда үйі мен мектепке жақын жерде жаяу жүргіншілер өткелінің жол белгісі нашар көрінген, ал жол таңбасы іс жүзінде болмаған. Соның салдарынан жүргізушілер балаларға жол бермейтін жағдайлар жиілеген. Тұрғынның өтінішіне Петропавл қаласы полиция басқармасының әкімшілік полиция бөлімі қызметкерлері қала әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің мамандарымен бірлесіп жедел әрекет етті. Полицейлер учаскені тексеріп, әкімдікке нұсқама жолдады. Осыдан кейін «Дорсигнал» ЖШС-мен бірлесіп мәселе қысқа мерзімде шешілді: көшелер қиылысына 5.19.1 «Жаяу жүргіншілер өткелі» жаңа жол белгілері орнатылып, «зебра» жол таңбасы толық жаңартылды. Тұрғындардың сигналдарына осылайша жедел ден қою – мектептер мен балабақшалар маңындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі жүйелі жұмыстың бір бөлігі. Бүгінде Петропавлдағы білім беру ұйымдарының маңына 18 жасанды жол кедергісі орнатылып, 15 жаяу жүргіншілер белгісі қойылды және 46 «зебра» жаңартылды. Қаладағы жол инфрақұрылымын жаңғырту жұмыстары жалғасып, полицияның тұрақты бақылауында.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-sko/press/news/details/1286301?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау