Бүгін Қарақала ауылындағы Потанин орта мектебінің базасында білім беру ұйымдарындағы психологиялық қызметтің сапасын арттыруға бағытталған облыстық семинар өтті.
Семинарды Павлодар қаласының психологиялық қолдау орталығының әдіскерлері ұйымдастырды. Іс-шараға облыс мектептерінің психологтары қатысып, тәжірибе алмасып, кәсіби білімдерін жетілдіруге мүмкіндік алды.
Семинардың негізгі тақырыбы – «Білім беру ұйымдарындағы психологиялық қызметтің сапасын арттырудың әдістемелік тетіктері. Психологиялық қызметті мониторингтеу, талдау және нәтижелілігін бағалау құралдары».
Іс-шара барысында білім беру ұйымдарындағы психологиялық қызметтің тиімділігін арттыру, жүргізілетін жұмыстарды жүйелі мониторингтеу, алынған нәтижелерді талдау және психологиялық көмектің сапасын бағалау мәселелері кеңінен қарастырылды. Қатысушылар практикалық бағыттағы жұмыстарға қатысып, өз тәжірибелерінде қолдануға болатын әдістемелік құралдармен танысты.
Семинар аясында кәмелетке толмағандармен психологиялық-профилактикалық жұмыстың маңызды бағыттарының бірі – суицидтік мінез-құлық белгілерін ерте анықтау мәселесіне де ерекше назар аударылды.
Осы бағытта Психикалық денсаулық орталығының психологы Симоненко Наталья Юрьевна «Кәмелетке толмағандарда суицидтік мінез-құлық белгілерін анықтаудың бірыңғай алгоритмін іске асыру және олармен әрі қарай жұмыс жүргізу бойынша ведомствоаралық өзара іс-қимыл» тақырыбында баяндама жасады.
Маман өз сөзінде білім беру, денсаулық сақтау және басқа да мүдделі қызметтердің өзара үйлесімді әрекет етуінің маңыздылығын атап өтті. Кәмелетке толмағандарға уақытылы психологиялық қолдау көрсету, қауіп факторларын дер кезінде анықтау және қажетті мамандардың көмегін ұйымдастыру – алдын алу жұмыстарының маңызды бөлігі екені айтылды.
Облыстық семинар педагог-психологтардың кәсіби құзыреттілігін арттырып қана қоймай, психологиялық қызметті ұйымдастырудың тиімді тәсілдерін тәжірибеде қолдануға, әріптестер арасында тәжірибе алмасуға және өзара кәсіби байланысты нығайтуға ықпал етті.
Осындай әдістемелік кездесулер білім беру ұйымдарындағы психологиялық қызметтің сапасын арттырып, балалар мен жасөспірімдердің психологиялық әл-ауқатын қамтамасыз етуге бағытталған жұмыстарды жүйелі түрде жетілдіруге мүмкіндік береді.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/pavlodar-edu/press/news/details/1285960?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау