Сарқан ауданында жеті азамат мемлекеттік грант иеленді

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Жетісу облысы Сарқан ауданында кәсіпкерлік бастамаларды қолдау мақсатында 2026 жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысы бойынша қайтарымсыз мемлекеттік грант иегерлері анықталды.

Грант алуға өтінімдер 24 маусым мен 8 шілде аралығында қабылданды. Байқау қорытындысы бойынша үздік деп танылған жеті бизнес-жобаға жалпы сомасы 12 миллион теңгеден астам қаржылай қолдау көрсетілді.

17 шілде күні өткен комиссия отырысында ұсынылған жобалардың әлеуеті, өзектілігі және іске асыру мүмкіндігі жан-жақты сараланып, тиісті шешімдер қабылданды. Нәтижесінде құс шаруашылығы, кондитерлік өнімдер өндіру, ағаш кесу және өңдеу, сүт өнімдерін өндіру секілді түрлі бағыттағы жеті жоба қолдауға ие болды.

Аталған жобалардың жүзеге асуы ауданның шағын және орта бизнесін дамытуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және жұмыссыздық деңгейін төмендетуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар жергілікті тұрғындардың сұранысына сай қызмет көрсету аясын кеңейтіп, өңірде өндірілетін отандық өнім көлемін арттыруға жол ашады.

Айта кетейік, қайтарымсыз мемлекеттік грант — кәсіп бастауға ниетті азаматтар үшін маңызды қолдау тетіктерінің бірі. Оның басты ерекшелігі — белгіленген талаптар сақталған жағдайда грант қаражаты қайтарылмайды және кәсіпкерлік жобаны іске асыруға бағытталады.

Грант алудың негізгі шарттарының бірі — нақты, өміршең әрі жүзеге асыруға қабілетті бизнес-жобаның болуы. Сонымен қатар жоба әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан маңызды болып, алдағы уақытта тұрақты дамуға мүмкіндік беруі тиіс.

Мемлекеттік қолдаудың бұл түрі Сарқан ауданындағы кәсіпкерлік белсенділікті арттырып, тұрғындардың өз кәсібін ашуына және жаңа жобаларды жүзеге асыруына кең мүмкіндік беріп отыр. Жаңа бастамалардың нәтижесінде аудан экономикасының дамуына серпін беріп, жергілікті халықтың жұмыспен қамтылуына оң ықпал етпек.

 

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhetysu-sarkan/press/news/details/1285928?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version