Алматы онкологиялық орталығында роботтандырылған дәріхана кешені мен дәрілік препараттарды жабық, герметикалық жағдайда дайындау жүйесі енгізілді. Бұл туралы қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының өкілдері хабарлады.
Жаңа технология дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етудің негізгі кезеңдерін – препараттарды қабылдап, сақтаудан бастап, оларды дайындау және науқасқа беруге дейінгі үдерісті автоматтандырады.
Жүйенің басты ерекшелігі – әрбір препараттың цифрлық бақылауда болуы. Арнайы код арқылы дәріге жеке сәйкестендіру нөмірі беріледі, ал онымен жасалған барлық әрекет жүйеде тіркеледі. Осылайша мамандар препараттың дәріхана кешеніне түскен сәтінен бастап науқасқа берілгенге дейінгі бүкіл жолын бақылап отыра алады.
Бұл онкологиялық қызмет үшін аса маңызды. Себебі дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етудің дәлдігі мен қауіпсіздігі емдеу сапасына тікелей әсер етеді.
Қазір Алматы онкологиялық орталығында 38 мыңнан астам науқас есепте тұр. Жыл сайын 27 мыңнан астам адам медициналық көмек алады. Соңғы сегіз жылда онкологиялық ауруларды емдеу бойынша көрсетілетін қызмет көлемі 2,5 есеге артқан.
Сонымен қатар бес жылдық өмір сүру көрсеткіші 46%-дан 75%-ға дейін өскен.
«Енді бұл нәтижелерге технологиялық тұрғыдан тағы бір маңызды қадам қосылып отыр. Роботтандырылған жүйе адам факторынан болатын қателіктерді барынша азайтып, дәрі-дәрмектің қозғалысын толық бақылауға мүмкіндік береді. Іс жүзінде орталықта дәрінің цифрлық жолы қалыптасып отыр. Бұл жүйеде оның бірде-бір кезеңі бақылаусыз қалмайды», – деді Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Марат Пашимов.
Бұған дейін Алматы онкологиялық орталығында онкологиялық ауруларды емдеу кезінде қолданылатын препараттарды автоматты әрі дәл дайындауға арналған роботтандырылған жабдық орнатылған болатын.
Жүйе қажетті дозаны дәл сақтауға, қателесу қаупін азайтуға және дәрі-дәрмекті дайындау үдерісін бақылауға мүмкіндік береді.
Орталықтың мәліметінше, роботтандырылған кешендерді енгізудегі негізгі мақсат – науқастардың қауіпсіздігін арттырып, емдеу сапасын одан әрі жақсарту.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almaty/press/news/details/1286796?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау