Қазақстанда вакциналардың «суық тізбегін» бақылаудың цифрлық жүйесі кеңейтіледі. Вакциналарды сақтау температурасы арнайы датчиктердің көмегімен автоматты түрде бақыланады, ал иммунобиологиялық препараттарды тасымалдау GPS-мониторинг арқылы жүзеге асырылады.
Жүйе бүкіл ел бойынша 3,5 мыңнан астам нысанды қамтиды. Ол вакциналарды сақтау мен жеткізудің барлық кезеңдерінде – қоймадан бастап медициналық ұйымға дейінгі аралықта бақылауды қамтамасыз етеді. Бұл туралы бүгін Денсаулық сақтау министрлігінде өткен кеңесте ҚР Бас мемлекеттік санитариялық дәрігері Сархат Бейсенова мәлімдеді.
Қазіргі уақытта температуралық режим міндетті түрде бақыланады. Жаңа жүйе қолданыстағы бақылауды толықтырып, тоңазытқыш жабдықтарынан алынған деректерді бірыңғай цифрлық платформаға автоматты түрде жібереді.
Температура белгіленген параметрлерден ауытқыған жағдайда мамандар мәселенің қай кезеңде туындағанын жедел анықтап, қажетті шараларды қабылдай алады. Вакциналарды тасымалдау кезінде де мамандандырылған көлікке GPS-мониторинг жүргізіледі.
«Суық тізбек – иммундау жүйесінің негізгі элементтерінің бірі. Автоматтандыру вакциналарды сақтау және тасымалдау жағдайларын тұрақты бақылауды қамтамасыз етіп, кез келген ауытқуға жедел ден қоюға мүмкіндік береді», – деді Бас мемлекеттік санитариялық дәрігер.
Жоба шеңберінде 21 мыңнан астам мониторинг нүктесін құру, 3,5 мыңнан астам нысанды қамту, сондай-ақ еліміздің барлық 20 өңіріндегі 800-ден астам мамандандырылған көлік құралын бақылауды қамтамасыз ету жоспарлануда.
Сонымен қатар вакциналарды сақтауға арналған жабдықтар жаңартылады. Пандемия қорының қаражаты есебінен тоңазытқыш камералар, мұздатқыштар және аудандық деңгейдегі медициналық ұйымдар үшін шамамен 900 тоңазытқыш сатып алу жоспарлануда.
Жаңа цифрлық жобаның басты мақсаты – вакцинаның бүкіл қозғалыс жолында «суық тізбектің» сенімді бақылауын қамтамасыз ету және оны сақтау мен тасымалдау талаптарының бұзылу қаупін азайту болып табылады.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/dsm/press/news/details/1287951?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау