ТҮРКІСТАНДА ӨЗБЕКӘЛІ ЖӘНІБЕКОВТІҢ 95 ЖЫЛДЫҒЫНА АРНАЛҒАН МӘДЕНИ ІС-ШАРА ӨТТІ

Жарияланды:

Автор:

категорияда
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен, Түркістан қаласы әкімдігі мен «Әзірет Сұлтан» Ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығының бірлесе ұйымдастыруымен мемлекет және қоғам қайраткері, ұлт мәдениетінің жанашыры, көрнекті этнограф-ғалым Өзбекәлі Жәнібековтің 95 жылдығына арналған «Өзбекәлі Жәнібеков және «Әзірет Сұлтан» музей-қорығы» көрмесінің ашылу салтанаты өтті.
Іс-шарада Өзбекәлі Жәнібековтің ұлы Бауыржан Жәнібеков, Түркістан қаласы әкімінің орынбасары Мадияр Әліпов және музей-қорық директоры Ерлан Дәкенов құттықтау сөз сөйлеп, көрменің тарихи маңызына тоқталды.
 
Экспозицияға ХХ ғасырдың 1970-1990 жылдарын қамтитын архивтік құжаттар, фотосуреттер мен тарихи-мәдени материалдар енгізілген. Көрме арқылы Өзбекәлі Жәнібековтің Қожа Ахмет Ясауи кесенесін музейлендірудегі тарихи еңбегі мен ұлттық мұраны сақтаудағы айрықша ұстанымы таныстырылды.
 
Мәдени бағдарлама Түркістан қалалық мәдениет үйінде «Өзбекәлі Жәнібеков мұрасының зерттелуі» тақырыбындағы мәдени іс-шарамен жалғасты. Жиынды музей-қорық директоры Ерлан Дәкенов жүргізіп, ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Арман Қырықбаевтың құттықтау хатын оқып берді. Сондай-ақ Арқалық қаласы әкімінің орынбасары Мешітбай Жұманов біртуар тұлғаның мерейтойына ізгі тілегін білдіріп, қала әкімінің атынан алғыс хат пен сый-сияпат табыстады.
Іс-шарада Өзбекәлі Жәнібековтің ұлы Бауыржан Жәнібеков, Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлы, филология ғылымдарының докторы, профессор Құлбек Ергөбек және тарих ғылымдарының докторы, профессор Хазретәлі Тұрсын баяндама жасап, қайраткердің ел тарихы мен ұлттық мәдениеттегі орнына тоқталды.
Жиында Өзбекәлі Жәнібеков қорының президенті Әзел Жәнібекова, этнограф-реставратор Қанат Тұяқбаев және Қ.А. Ясауи атындағы ХҚТУ ректоры Жанар Темірбекова құттықтау сөз сөйлеп, біртуар тұлғаның өнегелі жолы мен мұрасы туралы ой-пікірлерін ортаға салды. Кеш соңында эстрада жұлдызы Жұбаныш Жексен Өзағаның бастамасымен дүниеге келген әйгілі «Арқалықтың ақ таңы» әнін орындап, көрерменге өзге де жүрекке жылы әуендерін тарту етті.
Мәдени іс-шараларға Өзағаның отбасы, зиялы қауым өкілдері, ғалымдар, музей және мәдениет саласының мамандары, жастар мен БАҚ өкілдері қатысты.
 
Мерейтойлық іс-шаралар легі Түркістан музыкалық драма театрында өтетін «Арқалықтың ақ таңы» театрландырылған қойылымымен қорытындыланады.
 
Өзбекәлі Жәнібековтің 95 жылдығына арналған бұл мәдени жоба – ұлт руханиятына өлшеусіз еңбек сіңірген дара тұлғаға деген құрметтің белгісі ғана емес, оның ұлттық мұраны қорғау, тарихи құндылықтарды дәріптеу және музей ісін дамыту жолындағы озық идеяларының бүгінгі күнмен сабақтастығын танытатын тағылымды бастама.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/ontustik/press/news/details/1287935?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version