Халық денсаулығын қорғауға бағытталған ірі ғылыми жобалар Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетінде Ғылым және жоғары білім министрлігі және Денсаулық сақтау министрлігінің қолдауымен іске асырылып жатыр. Оның ішінде төрт гранттық және екі бағдарламалық-нысаналы ғылыми жоба бар. Зерттеулердің жалпы құны 1 миллиард 813 миллион теңгеден асады.
Зерттеулердің негізгі бағыты — әлеуметтік маңызы бар ауруларды ерте анықтау, олардың алдын алу және емдеу тәсілдерін жетілдіру. Атап айтқанда, университет ғалымдары онкологиялық ауруларды ерте диагностикалау мен алдын алудың жаңа әдістерін әзірлеп, асқазан обырының ағымын болжау бойынша зерттеулер жасалуда.
Сонымен қатар радиация мен алты валентті хромның канцерогендік әсері зерттеліп, жастар арасындағы суицидтік мінез-құлықтың алдын алуға бағытталған ғылыми жұмыстар жүргізілуде.
Ғылыми жобалардың ерекшелігі — зерттеу нәтижелерін тек теориялық деңгейде қалдырмай, оларды практикалық медицинаға енгізуге бағытталуы. Бұл өз кезегінде ауруларды ерте анықтау, тәуекел факторларын бағалау және профилактикалық шаралардың тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
Ғылымды дамыту және ғылыми нәтижелерді өңірдің нақты мәселелерін шешуге бағыттау Мемлекет басшысының 2024 жылғы 12 сәуірде өткен Ұлттық ғылым және технологиялар кеңесінің отырысында берген тапсырмаларын іске асыру аясында қолға алынды.
Бұдан өзге, осы бағыттағы жұмыстарды үйлестіру және ғылым, мемлекеттік органдар мен өндіріс орындары арасындағы байланысты күшейту мақсатында өңірде Ғылым жөніндегі кеңес құрылды.
Кеңестің жұмысы ғылыми әзірлемелерді өндіріске және әлеуметтік салаларға енгізуге, ғалымдардың әлеуетін өңірдің өзекті мәселелерін шешуге бағыттауға мүмкіндік береді.
Осылайша, Ақтөбеде ғылыми зерттеулерді қаржыландыру көлемін арттырумен қатар, олардың нақты нәтижесін халық денсаулығын жақсартуға бағыттау басымдыққа ие болып отыр.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aktobe-veterinariya/press/news/details/1289169?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау