Үндістандағы роуд-шоу және бизнес-форум. Өнеркәсіптік кооперацияны кеңейту және жаңа нарықтарды ашу мақсатында Қазақстан бизнес-делегациясының Тамилнад штатына сапары

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Нью-Дели, 2026 жылғы 10 қыркүйек. Ағымдағы жылдың 6-9 қыркүйегі аралығында Қазақстанның бизнес-делегациясының Тамилнад штатының Ченнай қаласына сапары өтті. Сапарды Қазақстан Республикасының Үндістандағы Елшілігі «Kazakh Invest» ҰК» АҚ-мен бірлесіп, Үндістанның Сауда-өнеркәсіп палаталары федерациясының (FICCI) қолдауымен ұйымдастырды.

100-ден астам адамнан құралған қазақстандық делегацияның құрамына Сауда және интеграция министрлігінің, Қазақстанның бес облысының басшылығы, даму институттарының – «Kazakh Invest» ҰК» АҚ, «QazTrade» АҚ, «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ – өкілдері, сондай-ақ коммерциялық компаниялардың басшылары кірді.

Бағдарламаның негізгі іс-шарасы Қазақстан-Үндістан іскерлік және сауда-инвестициялық форумы болды. Пленарлық отырыс барысында қазақстандық тарап Қазақстанның инвестициялық ахуалы мен сауда әлеуетін таныстырды. Сауда және интеграция вице-министрі А.Әбілдабеков екі мемлекеттің экономикаларының өзара толықтыру деңгейінің жоғары екенін атап өтіп, тауар айналымын ұлғайтудың елеулі перспективаларына назар аударды. Өз кезегінде, облыс әкімдіктерінің басшылығы өңірлердің экономикалық әлеуетін таныстырып, Үндістанның бизнес-қоғамдастығын бірлескен жобаларды іске асыруға шақырды.

Форум аясында екі елдің іскер топтары өкілдерінің B2B кездесулері өтіп, олардың қорытындысы бойынша нақты уағдаластықтарға қол жеткізілді.

Форум шеңберінде қазақстандық делегация Тамилнад штатының Өнеркәсіп және инвестицияларды ынталандыру министрі С.Киртанамен кездесті. Тараптар бұл сапарды екіжақты әріптестіктің жаңа кезеңін ашатын тарихи қадам ретінде бағалады. Ынтымақтастықтың перспективалы бағыттары ретінде денсаулық сақтау, өнеркәсіп, машина жасау, ауыл шаруашылығы және туризм айқындалды. Іскерлік және гуманитарлық байланыстарды жандандыру мақсатында Ченнай – Алматы бағыты бойынша тікелей әуе қатынасын ашу жөніндегі жұмысты бастау туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.

Форум мен келіссөздер сессияларының қорытындысы бойынша екіжақты құжаттардың ауқымды пакетіне қол қойылды:

Өңіраралық және институционалдық меморандумдар:

– Шымкент және Коимбатур қалалары арасында бауырлас қала байланыстарын орнату туралы ниет хаты.

– Түркістан және Ченнай қалалары арасында бауырлас қала байланыстарын орнату туралы ниет хаты.

– «Kazakh Invest» ҰК» АҚ мен «Guidance Tamil Nadu» агенттігі арасындағы өзара түсіністік туралы меморандум.

– «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ мен Тамилнад штатының Туризм департаменті арасындағы ынтымақтастық туралы меморандум.

Коммерциялық және инвестициялық келісімдер (B2B):

– «Kazakh Invest» ҰК» АҚ мен Lilavati Hospital and Research Centre медициналық холдингі арасында құны 150 млн АҚШ долларын құрайтын инвестициялық жобаны іске асыру туралы меморандум.

– «SP BKM» ЖШС мен ауыл шаруашылығы техникасын өндіруші Sonalika Tractors Ltd. компаниясы арасында бірлескен кәсіпорын құру туралы меморандум.

– «SP BKM» ЖШС мен Big Bang Boom Solutions компаниясы арасында серіктестік орнату және бірлескен кәсіпорын құру туралы меморандум.

– «Blueberry Travels» ЖШС мен Қазақстан Республикасының Балалар-жасөспірімдер туризмі және демалысы республикалық қауымдастығы арасындағы ынтымақтастық туралы меморандум.

– Ш. Уәлиханов атындағы Көкшетау университеті КЕАҚ пен Saveetha University арасындағы академиялық және ғылыми ынтымақтастық туралы келісім.

– «Eco-Dump» ЖШС мен Enhanced Biofuels & Technologies (India) Pvt Ltd компаниясы арасындағы ынтымақтастық туралы меморандум.

– «Eco-Dump» ЖШС мен Green City Biotech Pvt Ltd компаниясы арасындағы ынтымақтастық туралы меморандум.

Бағдарламаның практикалық бөлігін өңірдегі негізгі өндірістік нысандар мен инновациялық орталықтарға ұйымдастырылған ауқымды технологиялық роуд-шоу толықтырды. Қазақстандық делегация ауыр техникаға арналған автоматты трансмиссиялар өндіретін «Allison Transmission India Private Limited» компаниясының заманауи құрастыру желілерімен, «Caplin Point Laboratories Limited» фармацевтикалық кешеніндегі технологиялық үдерістермен, сондай-ақ «Grundfos» компаниясының энергия тиімді сорғы жабдықтары саласындағы озық әзірлемелерімен жан-жақты танысты.

«IIT Madras Research Park» ғылыми-технологиялық паркіне барған сапарға ерекше назар аударылды. Мұнда қатысушыларға робототехника, жасанды интеллект, жартылай өткізгіштер өндірісі және «Индустрия 4.0» тұжырымдамасын өндірістік циклдерге енгізу салаларындағы практикалық шешімдер таныстырылды.

Сапар қорытындысы бойынша тараптар тұрақты байланыстарды жалғастыруға және қол жеткізілген уағдаластықтарды практикалық іске асыруға кірісуге ниетті екендерін растады.

 

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-delhi/press/news/details/1289073?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version