Самар ауданында 2026–2030 жылдарға арналған даму жоспары бекітілді

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов Самар ауданының тұрғындарымен есеп беру кездесуін өткізді. Кездесуде ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы, ауыл шаруашылығы, туризм, инфрақұрылым, тұрғын үй және цифрландыру мәселелері талқыланды.
Ауданның 2026–2030 жылдарға арналған даму жоспары бекітілді. Құжатта тау-кен өнеркәсібін, ауыл шаруашылығын, шағын және орта бизнесті дамытуға, сондай-ақ ауданның жоғары туристік әлеуетін тиімді пайдалануға басымдық берілген.
Ауыл шаруашылығында өсім бар. Биылғы жылдың жеті айында ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 3,5 пайызға өсіп, 5,2 млрд теңгеге жетті. Қазіргі уақытта ауданда 385 шаруа қожалығы жұмыс істейді.
Мал шаруашылығы бойынша да оң көрсеткіштер қалыптасқан. Ауданда 200 басқа арналған бордақылау алаңы жұмыс істейді. Жеті айдың қорытындысы бойынша шаруашылықтардың барлық санаттарында 2,7 мың тонна ет өндіріліп, 3,6 мың тонна сүт сауылды.
Суармалы егіншілікке де ерекше көңіл бөлінуде. Бекітілген 4,7 мың гектар алқаптың биыл 1,2 мың гектары суарылуда. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 2,3 есе көп.
Заманауи суару технологиялары енгізілуде. Самар аграрлық-техникалық колледжі «Еңбек-Агро» серіктестігімен бірлесіп, 220 гектар күнбағыс алқабында тамшылатып суаруды және 86 гектар жүгері алқабында жаңбырлатып суаруды іске асырды.
Облыс әкімі аудан әкімі мен салалық басқарма басшыларына пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы жерлерін айналымға тарту жұмыстарын жандандыруды және жем-шөп базасын нығайтуды тапсырды.
Самар ауданы үшін туризм де маңызды бағыттардың бірі. Бүгінде туристерді орналастыру бойынша 50-ден астам нысан тіркелген. Жылдың алғашқы жартысында ауданға 7 мыңға жуық турист келген. Бұл ретте орналастыру орындарындағы қызмет көрсету көлемі 41 пайызға артқан.
Туризмді дамыту үшін инфрақұрылымдық жобалар жүзеге асырылуда. 2025–2026 жылдары «Көкпекті–Самар–Васильев өткелі» автожолының 51 шақырымы жөнделді. Ұялы байланыс сапасы жақсарды. Жағалауды абаттандыру, қауіпсіздікті қамтамасыз ету және демалушыларға қолайлы жағдай жасау бағытында жұмыстар жалғасуда.
Миролюбовка ауылында жүріп-тұруы шектелген азаматтарға арналған санитарлық-гигиеналық модуль орнатылып, 2026 жылғы ақпанда тұрғындар мен демалушыларға қызмет көрсететін жаңа фельдшерлік-амбулаториялық пункт ашылды.
Бұқтырма су қоймасының жағалауында «Арбат» туристік-рекреациялық аймағын құру жобасы әзірленіп жатыр. Сонымен қатар «Pana Asia» қонақ үй компаниясымен бірлесіп, шамамен 2 млрд теңге инвестиция тарту арқылы заманауи қонақ үй салу жоспарланған.
Нұрымбет Сақтағанов туристік салаға жаңа инвестициялар тарту және іске асырылып жатқан жобаларды сүйемелдеу жұмыстарын күшейтуді тапсырды.
Ауданда жол инфрақұрылымын жаңарту да жалғасуда. Самар ауданының жол желісінің жалпы ұзындығы 465,5 шақырымды құрайды. Биыл облыстық маңызы бар 46 шақырым жолға орташа жөндеу жүргізілуде.
Тұрғын үй мәселесіне қатысты «Бірқабатты Шығыс» бағдарламасы аясында биыл көпбалалы отбасылар мен халықтың әлеуметтік осал топтары үшін 35 бірқабатты үй, яғни 70 пәтер салу жоспарланған.
Цифрландыру мәселесі де назардан тыс қалған жоқ. Аудандағы 22 елді мекеннің 17-сі интернетпен қамтылған. Бұл аудан халқының шамамен 96 пайызына қолжетімділікті қамтамасыз етеді.
Облыс әкімі Самар ауданының әкіміне және ШҚО Цифрландыру және архивтер басқармасына қалған елді мекендерді интернет және байланыс қызметтерімен қамтамасыз ету жөніндегі нақты жоспар әзірлеуді тапсырды. Жоспарда техникалық шешімдер мен жобаларды іске асыру мерзімдері айқындалуы тиіс.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/vko-samar/press/news/details/1290061?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version