«Ауыл аманаты»: ШҚО-да 142 жоба қаржыландырылды

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Шығыс Қазақстан облысында биыл «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 142 жоба қаржыландырылды. Кәсіпкерлерге берілген жеңілдетілген несие көлемі 2,36 млрд теңгені құрады.

Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында өткен брифингте «Ертіс» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ  өкілдері мәлімдеді.

2023 жылдан бері өңірдегі 542 жобаға шамамен 6,4 млрд. теңге бөлінді. Қаражат мал шаруашылығын, ауыл туризмін, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеуді, техника сатып алуды және кәсіпкерліктің өзге бағыттарын дамытуға жұмсалды.

Биыл бастаманы іске асыруға 3 млрд. теңге қарастырылған. 10 қыркүйектегі мәлімет бойынша несие комитеті 147 өтінімді мақұлдаған. Құжаттарын толық рәсімдеген 142 кәсіпкерге тиісті қаражат беріліп, жылдық жоспардың 78,6 пайызы игерілді.

Қаржыландырудың басым бөлігі төрт түлік санын арттыруға әрі сатып алуға, туристік жобаларды іске асыруға, техника мен құрал-жабдық алуға, сондай-ақ ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеуге бағытталған. Бұдан бөлек, тұрғындар жеке кәсіп ашумен қатар, кооперация негізінде ортақ өндіріс құруға ден қоя бастаған.

Микрокредит жылдық 2,5 пайызға дейінгі мөлшерлемемен беріледі. Қарыз мерзімі жалпы жобалар үшін 5 жылға, мал шаруашылығы саласында 7 жылға дейін белгіленген. Негізгі берешек пен сыйақыны өтеуге 12 айға дейін жеңілдік кезеңі қарастырылған.

Өңірде «Агробизнес. Мал шаруашылығы» атты жаңа бағдарлама да іске қосылды. Оның аясында орта және ірі шаруашылықтар асыл тұқымды мал басын сатып алуға, бордақылау алаңдарын дамытуға және айналым қаражатын толықтыруға жеңілдетілген несие ала алады. Ауқымды жобаларға 5 млрд. теңгеге дейін қаржы беріледі.

Бағдарлама қатысушыларына бизнес-жоспар әзірлеу, құжаттарды рәсімдеу және өтінім беру кезеңдерінде кеңес беріледі. Ниет білдірген тұрғындар «Аграрлық несие корпорациясының» ШҚО филиалына, екінші деңгейлі банктерге немесе Өскемен қаласы, Қазақстан көшесі, 59/1 мекенжайында орналасқан «Ертіс» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясына жүгіне алады.

Дереккөз: ШҚО ӨКҚ

 

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/akimvko/press/news/details/1290600?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version