ШҚО-дағы Ұлан ауданында жаңа сквер ашылды

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Ұлан ауданының Қасым Қайсенов кентінде тұрғындардың отбасымен демалатын және спортпен шұғылдануына арналған жаңа сквер ашылды. Оның ашылу салтанатына Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов қатысты.

Аумағы 16 мың шаршы метрге жуық жаңа қоғамдық кеңістік Өскемен құс фабрикасының 50 жылдығына орай салынған. Жобаға 470 млн теңгеден астам инвестиция құйылды.

Сквер орны тұрғындардың пікірін ескере отырып таңдалған. Бұған дейін бұл жерде абаттандырылмаған сай болған. Кенттің осы бөлігінде тұратын тұрғындар, әсіресе кішкентай балалары бар отбасылар, үйлерінің маңында демалатын орынның қажеттігін айтқан.

Қазір мұнда қауіпсіз жабындысы бар балалар ойын алаңы, футбол алаңы, воркаут аймағы мен ашық аспан астындағы жаттығу құрылғылары орнатылды. Жаяу жүргіншілер жолдары төселіп, орындықтар қойылып, заманауи жарықтандыру жүйесі тартылды. Жаңа кеңістік әр жастағы азаматтарға арналған.

«Тұрғындар үйлеріне жақын жерде отбасымен демалатын орын жасауды сұраған болатын. Енді абаттандырылмаған сайдың орнында балалар ойнайтын, жастар спортпен айналысатын, ал аға буын серуендеп, тынығатын сквер пайда болды. Біз үшін осындай қоғамдық кеңістіктердің адамдарға шынымен қажет жерлерде салынғаны маңызды. Кент тұрғындарына осындай сый жасағаны және ауданның қоғамдық өміріне ұзақ жылдар бойы қолдау көрсетіп келе жатқаны үшін Өскемен құс фабрикасына алғыс айтамын», – деді ШҚО әкімі Нұрымбет Сақтағанов.

Скверді безендіруде Ұлан ауданының мәдени мұрасын да көрсету жоспарланған. Қазақстандық суретші Санжар Жұбанов аудан аумағындағы белгілі археологиялық ескерткіштердің бірі – Ақбауыр петроглифтері негізінде тастарға авторлық композициялар жасайды.

Сквердің ашылуында Нұрымбет Сақтағанов, Aitas холдингінің негізін қалаушы Серік Толықбаев және Қазақстан Республикасы Құрылтайының депутаты Ерлан Сайыр алғашқы ағаш көшеттерін отырғызды.

Аумақты негізгі көгалдандыру жұмыстары биыл қазан-қараша айларында жүргізіледі.
Өскемен құс фабрикасы Ұлан ауданында жарты ғасырдан бері жұмыс істеп келеді. Осыдан он жыл бұрын кәсіпорынның 40 жылдығына орай Қасым Қайсенов кентінде Ардагерлер саябағы ашылған болатын. Ал бүгінгі жаңа сквер аудан орталығы тұрғындары үшін тағы бір жайлы қоғамдық кеңістікке айналды.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/akimvko/press/news/details/1290650?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version