РЕСМИ АҚПАРАТТЫ ПАЙДАЛАНУДА ЗАҢ ТАЛАПТАРЫН САҚТАУ – ОРТАҚ ЖАУАПКЕРШІЛІК.

Жарияланды:

Автор:

категорияда
Соңғы уақытта әкімдіктің ресми ақпарат көздерінде жарияланған мәтіндер, фотосуреттер, бейнероликтер мен инфографикалардың өзге ақпараттық ресурстарда толық немесе өзгертілген түрде қайта жариялану жағдайлары кездесуде.
Осыған байланысты ресми ақпаратты пайдалану кезінде Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасында белгіленген талаптарды ескерудің маңызы зор.
Ең алдымен, оқиғалар мен фактілер туралы ақпараттық сипаттағы хабарлар мен шығармашылық еңбек нәтижесі болып табылатын авторлық туындыларды ажырата білу қажет.
Қазақстан Республикасының «Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы» 1996 жылғы 10 маусымдағы №6-I Заңының 8-бабының 4) тармақшасына сәйкес, оқиғалар мен фактілер туралы ақпараттық сипаттағы хабарлар авторлық құқық объектілері болып табылмайды. Сонымен қатар осы Заңның 6-бабының 4-тармағына сәйкес авторлық құқық фактілердің өздеріне қолданылмайды.
Алайда бұл норма ресми ақпарат көзінде жарияланған кез келген дайын мәтінді, фотосуретті, бейнероликті немесе инфографиканы толық көлемде еркін көшіруге құқық бермейді.
Аталған Заңның 6-бабының 1 және 2-тармақтарына сәйкес шығармашылық еңбек нәтижесі болып табылатын жазбаша, бейнежазба және бейнелеу нысанындағы туындылар авторлық құқықпен қорғалуы мүмкін. Оның ішінде фотокадрлар да авторлық құқық объектісі болуы ықтимал.
Ал Заңның 16-бабының 1-тармағына сәйкес авторға немесе өзге де құқық иеленушіге туындыны кез келген нысанда және кез келген тәсілмен пайдалануға айрықша құқық тиесілі. 16-баптың 2-тармағында туындыны қайта шығару және тарату сияқты пайдалану құқықтары көзделген.
Сонымен бірге заңда автордың немесе өзге құқық иеленушінің келісімінсіз туындыны пайдалануға мүмкіндік беретін жағдайлар да көзделген.
Атап айтқанда, Заңның 19-бабына сәйкес, белгілі бір жағдайларда туындыны автордың немесе өзге де құқық иеленушінің келісімінсіз және авторлық сыйақы төлемей пайдалануға жол беріледі. Бұл ретте заңда көзделген талаптар, оның ішінде пайдаланылатын туындының авторын және алынған дереккөзді көрсету талабы сақталуға тиіс.
Осыған байланысты ресми ақпаратты пайдаланатын ақпараттық ресурстарға:ақпараттық хабар мен авторлық туындының ара-жігін ажырату; авторлық құқықпен қорғалатын мәтіндерді, фотосуреттерді, бейнероликтерді және инфографикаларды пайдаланудың заңды негіздерін сақтау;заңда көзделген жағдайларда автордың есімін және туынды алынған дереккөзді көрсету; материалдың мазмұны мен мағынасын бұрмаламау;әкімдікке немесе лауазымды тұлғаларға олар айтпаған пікірлерді телімеу; ресми ақпараттың бастапқы дереккөзіне сілтеме жасауды ақпараттық адалдық пен жауапты ақпарат тарату қағидаты ретінде ұстану ұсынылады.
Әсіресе авторлық құқықпен қорғалатын материалдарды жарнамалық, коммерциялық немесе өзге де табыс әкелетін мақсаттарда пайдалану кезінде ерекше сақтық қажет.
Мұндай материалдарды коммерциялық мақсатта пайдалану автоматты түрде заң бұзушылық болып табылмайды. Алайда әрбір жағдайда туындының авторлық құқық объектісі екені, оны пайдалану тәсілі және заңда көзделген ерекшеліктердің қолданылуы жеке бағалануға тиіс.
Қазақстан Республикасының «Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы» Заңының 48-бабына сәйкес авторлық және сабақтас құқықтарды бұзғаны үшін Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауаптылық туындайды.
Ал аталған Заңның 49-бабында авторлық және сабақтас құқықтарды қорғау тәсілдері, оның ішінде құқықты бұзатын әрекеттерді тыю, келтірілген залалды өтеу, құқық бұзушы алған кірісті өндіріп алу және заңда көзделген жағдайларда өтемақы өндіріп алу көзделген.
Сонымен қатар азаматтардың фотосуреттерін және өзге де дербес деректерін пайдалануға да жауапкершілікпен қарау қажет.
Қазақстан Республикасының «Дербес деректер және оларды қорғау туралы» Заңының 5-бабында дербес деректерді жинау, өңдеу және қорғаудың негізгі қағидаттары белгіленген.
Осы Заңның 7-бабының 1-тармағына сәйкес, заңда көзделген ерекшеліктерді қоспағанда, дербес деректерді жинау және өңдеу субъектінің немесе оның заңды өкілінің келісімімен жүзеге асырылады.
Сонымен бірге 7-баптың 8-тармағына сәйкес дербес деректерді жинау және өңдеу нақты, алдын ала айқындалған және заңды мақсаттарға қол жеткізумен шектелуге тиіс.
Ал 8-баптың 4-тармағында дербес деректерді жинауға және өңдеуге берілетін келісімнің мазмұнына, оның ішінде деректерді үшінші тұлғаларға беру мүмкіндігіне және олардың жалпыға бірдей қолжетімді көздерде таратылуына қатысты талаптар белгіленген.
Сондықтан азаматтың бейнесін немесе өзге де дербес деректерін бастапқы жариялау мақсатынан өзгеше мақсатта пайдалану кезінде осы Заңның талаптары мен тиісті заңды негіздердің бар-жоғы ескерілуге тиіс.
Бұдан бөлек, Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінің 143-бабына сәйкес азамат өзінің ар-намысына, қадір-қасиетіне немесе іскерлік беделіне нұқсан келтіретін мәліметтерді теріске шығаруды талап етуге құқылы.
Бұл ретте ақпарат тарату құқығы да заңмен қорғалады. Қазақстан Республикасының «Ақпаратқа қол жеткізу туралы» Заңының 4-бабының 1-тармағына сәйкес ақпаратты заңмен тыйым салынбаған кез келген тәсілмен еркін алу және тарату жөніндегі конституциялық құқықты іске асыру үшін құқықтық негіздер қамтамасыз етіледі.
Осы Заңның 4-1-бабының 2-тармағында ақпаратқа қол жеткізудің негізгі қағидаттары ретінде заңдылық, ақпараттың анықтығы мен толықтығы, өзектілігі мен уақтылығы, жеке өмірге қол сұқпау, адамның ар-намысы мен қадір-қасиетіне нұқсан келтіруге жол бермеу, сондай-ақ жеке және заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерін сақтау белгіленген.
Сондықтан бұл ескерту сөз бостандығын шектеуге немесе ақпарат таратуға тосқауыл қоюға бағытталмайды.Керісінше, мақсат – ақпаратты заңға сәйкес, нақты, толық, бұрмаламай және жауапкершілікпен тарату мәдениетін қалыптастыру.
Ресми ақпаратты пайдаланған кезде ақпараттың қайдан алынғанына ғана емес, оның қандай материал екеніне, қандай тәсілмен және қандай мақсатта пайдаланылып отырғанына да назар аудару қажет.
Барлық азаматтар мен ақпараттық ресурстарды қолданыстағы заңнама талаптарын сақтауға, авторлық және сабақтас құқықтарды, дербес деректерді, азаматтардың ар-намысы мен қадір-қасиетін, сондай-ақ өзге де құқықтары мен заңды мүдделерін құрметтеуге шақырамыз.
Шардара ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-shardarin-audany/press/news/details/1290955?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version