Биыл көктемде Шардара ауданының әкімі Қарсыбаев Арман Романұлы Мемлекет басшысының марапатына ие болған еді. Ал бүгінде аудан спортының халықаралық аренадағы жарқын жетістіктері де ел назарын аударып отыр.
Қырғыз Республикасында өткен VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында Қазақстан құрамасы жалпыкомандалық есепте 74 медаль иеленіп, жоғары нәтиже көрсетті. Осы дүбірлі додада Шардараның армрестлингшілері де ел намысын абыроймен қорғап, Қазақстан қоржынына 6 медаль – 4 алтын, 2 күміс салды.
Атап айтқанда, Айдархан Нұрдаулет Мырзаханұлы 90 келі салмақта сол және оң қол күресінен 2 алтын медаль жеңіп алса, Құттымұратов Медет Құттымұратұлы +90 келі салмақта қос қол күресінен 2 алтын медаль иеленді. Ал Оралбай Ұлжан 65 келі салмақта сол және оң қол күресінен 2 күміс медаль еншіледі.
Шардараның абыройын халықаралық аренада асқақтатқан Айдархан Нұрдаулет Мырзаханұлы Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен «Құрмет» орденімен, Құттымұратов Медет Құттымұратұлы «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды.
Бұл – спортшылардың жоғары шеберлігі мен табанды еңбегіне берілген мемлекеттік баға. Сонымен бірге бұл – туған жердің атын әлемдік деңгейде танытып жүрген Шардара спортшыларының ел спортына қосқан үлесінің лайықты мойындалуы.
Осы жетістіктердің қалыптасуына Шардарада армрестлинг спортының дамуына тұрақты қолдау көрсетіп келе жатқан ARM спорт клубының негізін қалаушы Қарсыбаев Арман Романұлының да еңбегі айрықша.
Арман Романұлы – спортты сырттай қолдайтын ғана емес, оның тыныс-тіршілігін жақсы білетін, спортшының талабын түсінетін, жас таланттың мүмкіндігін дер кезінде танып, оның үлкен додаға дайындалуына жағдай жасауға ұмтылатын азамат.
Оның спортқа деген сүйіспеншілігі мен берік ұстанымы, нақты іске негізделген ұйымдастырушылық қабілеті, табандылығы мен талапшылдығы Шардарада армрестлингтің дамуына серпін беріп келеді. Жас спортшылардың республикалық және халықаралық жарыстарға қатысуына жағдай жасау, олардың жігерін жану, жеңіске деген сенімін арттыру – осы бағыттағы жүйелі жұмыстың көрінісі.
Арман Қарсыбаевтың ерекшелігі – сөзден гөрі нәтижеге мән беретін іскерлігі. Спортқа көрсетілген қолдаудың нақты нәтижесі халықаралық жарыстардағы жеңістерден көрініп отыр. Кеше ғана жаттығу залында үлкен мақсат қойған жас спортшылардың бүгінде әлемдік деңгейдегі бәсекелерде ел намысын қорғауы – осындай жан-жақты қолдаудың жемісі.
Аудан әкімі ретінде де, спорт жанашыры ретінде де Арман Романұлының бойынан жауапкершілік, табандылық, іскерлік пен қарапайымдылық қатар көрінеді. Ол жетістікті жеке басының абыройы емес, елдің, жердің және спортшының ортақ жеңісі деп бағалайтын азамат ретінде танылып келеді.
Оның кішіге қамқор, талапқа берік, іске мығым, ел алдында жауапкершілікті сезінетін азаматтық болмысы Шардара жастарына үлгі. Әсіресе, спортқа енді қадам басқан жасөспірімдер үшін жеңістің артында тек табиғи талант емес, үздіксіз еңбек, тәртіп, төзім, дұрыс бағыт және қолдау тұрғанын көрсететін тағылымы мол.
Шардарада спорттың дамуына үлес қосу – бір күндік науқан емес. Бұл – жүйелі еңбекті, тұрақты қолдауды, спортшыға сенім артуды және оның болашағына жауапкершілікпен қарауды талап ететін ұзақ жол. Осы жолда Арман Қарсыбаевтың ұйымдастырушылық іскерлігі, табандылығы мен спортқа деген жанашырлығы өз нәтижесін беріп келеді.
6 медаль – 4 алтын, 2 күміс!
Бұл – жай ғана жүлде саны емес. Бұл – Шардара спортының нақты нәтижесі, спортшылардың маңдай тері, бапкерлердің еңбегі, елдің қолдауы және жас буынға берілген үлкен сенімнің көрінісі.
Қос спортшының мемлекеттік жоғары марапаттарға ие болуы – олардың жеке жеңісімен қатар, Шардара спортының абыройына берілген баға.
Бүгінгі жеңіс – ертеңгі чемпиондарға жол көрсетеді. Бүгінгі жетістік – жас спортшыларға жігер береді. Ал осындай нәтижеге бастайтын сенім мен қолдау – спорттың тұрақты дамуының берік негізі.
Шардараның көк туын көкке көтерген спортшылардың әр жеңісі – туған жердің мерейі. Ал сол жеңістерге жол ашуға атсалысып жүрген азаматтардың еңбегі – ел игілігіне жасалған нақты қызмет.
Шардара ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-shardarin-audany/press/news/details/1291093?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау