ҚР ТЖМ Өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің төрағасы Рашид Дубаев Маңғыстау облысына жасаған сапары аясында өңірдегі ірі мұнай-газ және газ өңдеу кәсіпорындарының қызметімен танысты.
Іс-шараның негізгі мақсаты – өндірістік қауіпсіздік деңгейін арттыру, апаттылық пен жарақаттану тәуекелдерін азайту, сондай-ақ қауіпті нысандардың жұмысын бақылау болды.
Сапар барысында ведомство басшысы «Өзенмұнайгаз» акционерлік қоғамының бас директоры Жанболат Дилаевпен ресми кездесу өткізді. Тараптар қауіпті өндірістік объектілерді техникалық қайта жарақтандыру, технологиялық процестерді заманауи талаптарға сай жаңғырту және жұмысшыларға қауіпсіз еңбек жағдайларын жасау мәселелерін талқылады. Сонымен қатар, Рашид Дубаев кәсіпорынның Мұнай дайындау және айдау цехына арнайы барып, шикізатты қабылдау, өңдеу, дайындау, тасымалдау қондырғыларының, сондай-ақ автоматтандырылған басқару мен апаттың алдын алу жүйелерінің жұмысын тексерді. «Қазақстан газ өңдеу зауыты» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры Ғайдар Каналиевпен де кездесу өткізіп, өңірдегі табиғи газ, ілеспе газ және газ конденсатын өңдеу барысы қарастырылды. Комитет төрағасы қолданыстағы зауыттың тынысымен қатар, құрғақ тауарлық газ, сұйытылған мұнай газы және пентан-гексан фракциясын өндіруге арналған жаңадан салынып жатқан кешен құрылысының барысымен де танысты.
Кездесулер барысында Рашид Дубаев өндірістегі төтенше жағдайлар мен жарақаттануды болдырмау үшін ішкі бақылауды күшейтудің және процестерді үздіксіз әрі қауіпсіз жүргізудің маңыздылығын атап өтті. Кәсіпорындар басшылығына өнеркәсіптік қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтау және заңнама талаптарының бұзылуына жол бермеу бойынша нақты тапсырмалар берілді.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kpb/press/news/details/1292246?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау