Облыста 1 қазанда басталатын жылыту маусымы қарсаңында тұрғын үй секторындағы профилактикалық жұмыстар күшейтілді. ТЖД қызметкерлері үйлерді аралап, пештерді, мұржаларды және электр құрылғыларын қауіпсіз пайдалану талаптарын түсіндіріп жатыр.
Бұл жөнінде ШҚО ТЖД мамандары Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифинг барысында айтты.
Өткен жылыту маусымында облыста 460 өрт тіркелсе, оның 341-і тұрғын үй секторында болған. Жер үйлердегі өрт салдарынан 22 адам қаза болған. Мамандар қайғылы жағдайлардың негізгі себептеріне отты абайсыз пайдалануды, мас күйде төсекте темекі шегуді және пештерді пайдалану талаптарының бұзылуын жатқызды.
Жылыту маусымында көміртегі тотығынан улану қаупі де артады. Жыл басынан бері облыста 21 адам көміртегі тотығынан зардап шеккен.
ШҚО ТЖД Мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы Нұржан Өміржановтың айтуынша, қауіптің алдын алу үшін үйлерге көміртегі тотығы датчиктерін орнату жұмыстары жалғасып жатыр. Әсіресе әлеуметтік осал санаттағы азаматтардың баспаналарына басымдық беріледі.
Соңғы алты жылда облыста 17 мыңнан астам көміртегі тотығы датчигі орнатылған.
Дереккөз: ШҚО ӨКҚ
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/vko-shemonaiha-vavilon/press/news/details/1292051?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау