Сөз, мінез және талант: полицейлер сахнаға шыққанда

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Астана қаласы Полиция департаментінде полиция қызметкерлері арасында «Парасатты полицей» қалалық байқауы өтті. Бұл күні қалыпты жұмыс барысы сахна, шығармашылық пен көтеріңкі көңіл күйге ұласты. Үздік атану жолында Аудандық полиция басқармалары мен саптық бөліністерден құралған 9 команда бақ сынады.

Байқаудың басты мақсаты – полиция қызметкерлері арасында мемлекеттік тілді кеңінен насихаттау, оның мәртебесін арттыру және күнделікті әрі қызметтік өмірде белсенді қолдануына жағдай жасау. Сонымен қатар сауатты, мәнерлі, әрі мәдениетті сөйлеу дағдысын қалыптастыруға, тіл мәдениетін дамытуға ерекше мән берілді.

Қатысушылар өздерінің шығармашылық қабілеттері мен әртістік шеберлігін, тапқырлығы мен ұшқырлығын ортаға салып, кәсіби терминология мен мемлекеттік тілді қолдануға бағытталған түрлі тапсырмаларды орындады. Әр команда өзіндік ерекшелігін танытып, көрерменді таңғалдыруға тырысты.
Байқау тапсырмаларымен қатар залда мерекелік көңіл күй орнады. Қызметкерлер бір-біріне қолдау көрсетіп, өз командаларына жанкүйер болып, сахнадағы сәттерді әзілмен қабылдады. Көпшілік үшін бұл күн қызметтік күнделікті жұмыста байқала бермейтін қырларын танытып, бойындағы талантын көрсетуге мүмкіндік берді.
Байқау қорытындысы бойынша Астана қаласы Полиция департаментінде жеңімпаздар мен жүлдегерлерді марапаттау рәсімі өтті. Астана қаласы Полиция департаментінің бастығы Марат Төлебаев жүлделі орындарға ие болған қатысушыларды марапаттап, олардың белсенділігін, шығармашылық көзқарасын және мемлекеттік тілді насихаттауға қосқан үлесін атап өтті.
Байқау қорытындысы бойынша Бас жүлде – Нұра ауданы Полиция басқармасының командасына бұйырды. Бірінші орынды Патрульдік полиция полкінің командасы, екінші орынды Сарайшық ауданы Полиция басқармасының командасы, үшінші орынды Сарыарқа ауданы Полиция басқармасының командасы иеленді.
Сонымен қатар байқаудың өзге қатысушыларына шығармашылық көзқарас, әртістік шеберлік және белсенді қатысқаны үшін арнайы номинациялар табысталды.
«Парасатты полицей» – жай ғана байқау емес. Бұл – мемлекеттік тілге құрмет, Отанға деген сүйіспеншілік, патриотизм, жауапкершілік пен қызметтік борышқа адалдық сынды ортақ құндылықтар төңірегінде ұжымды біріктіретін маңызды бастама.
Байқау қызметтік формадағы әріптестерді тек жұмыста ғана емес, өзара қолдау көрсетуге, жаңа қырынан танылуға, кәсіби әрі шығармашылық тұрғыдан дамуға және өз мамандығын мақтанышпен танытуға ұмтылдыратынын тағы бір мәрте көрсетті.

 

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-astana/press/news/details/1292197?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version