Абай облысы бойынша ҚАЖД-ға қарасты әйелдер колониясында жартылай фабрикаттар өндіретін цехта жұмыс істейтін сотталған әйелдер үшін сұранысқа ие өнімдерді дайындау бойынша практикалық шеберлік сабағы өткізілді. Бір ай бойы қатысушылар заманауи дайындау технологияларын меңгеріп, манты, самса, тұшпара, вареник, чебурек, котлет және басқа да жартылай фабрикат түрлерін дайындау мен түюді үйренді.
Оқу курсына оннан астам сотталған әйел қатысты. Бағдарлама аяқталғаннан кейін барлық қатысушыларға кәсіби оқудан өткендігі туралы сертификаттар табысталды.
Шеберлік сабағын Жаңғызтөбе кентінің жартылай фабрикаттар өндіру саласында практикалық тәжірибесі бар кәсіпкері өткізді. Сабақ барысында ол нарықтағы заманауи үрдістер, тұтынушылардың талғамы мен өнім сапасына қойылатын талаптар туралы айтып, сондай-ақ танымал өнімдерді дайындау технологиясын көрнекі түрде көрсетті.
Санитариялық нормаларды сақтау, өнімдерді дайындау технологиясын дұрыс ұстану, дайын өнімді сақтау талаптары, пайдаланылатын ингредиенттердің сапасы және дайын өнімнің эстетикалық безендірілуіне ерекше көңіл бөлінді.
Шеберлік сабағына қатысушылар процесті бақылап қана қоймай, ингредиенттерді дайындаудан бастап, өнімдерді түю және безендіруге дейінгі барлық кезеңдерді өздері орындады. Көптеген әйелдер үшін бұл оқу бостандыққа шыққаннан кейін одан әрі жұмысқа орналасуға және қоғамға бейімделуге көмектесетін жаңа кәсіби дағдыларды игеруге мүмкіндік берді.
— Бүгінде жартылай фабрикаттар қолайлылығы мен уақытты үнемдеуге мүмкіндік беретініне байланысты халық арасында үлкен сұранысқа ие. Алған білімім шынымен де өзекті және бостандыққа шыққаннан кейін міндетті түрде пайдама жарайды. Сертификаттың арқасында жұмысқа орналасуға немесе тіпті үй жағдайында өнім дайындауға байланысты шағын кәсіп ашуға мүмкіндік аламын, — деп атап өтті сотталған әйел.
— Мұндай іс-шаралар сотталғандарды қайта әлеуметтендіру процесінде маңызды рөл атқарады. Практикалық шеберлік сабақтары әйелдерге сұранысқа ие мамандықтарды меңгеруге, өз күшіне деген сенімін арттыруға және болашаққа деген оң көзқарасын қалыптастыруға көмектеседі. Бұл сотталғандардың қоғамға табысты оралуына және әрі қарай жұмысқа орналасуына бағытталған тәрбие жұмысының маңызды бөлігі, — деді мекеме бастығының орынбасары Анар Сабиева.
Іс-шара соңында естелікке жалпы фотосуретке түсіп, сотталғандарды кәсіби оқыту бағдарламасы аясында жаңа практикалық сабақтар өткізу туралы келісім жасалды.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/duisabai/press/news/details/1292813?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау