Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаевтың төрағалығымен аппараттық мәжіліс өтті. Жиында аудан аумағындағы санитарлық тазалық және көгалдандыру жұмыстарының барысы қаралып, алдағы күзгі ағаш егу маусымына дайындық мәселесі талқыланды.
«Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында Келес ауданында қоршаған ортаны көркейту, елді мекендерді көгалдандыру және санитарлық тазалық жұмыстарын жүйелі жүргізу бағытында бірқатар жұмыстар атқарылуда.
Биыл аудан бойынша көктемгі және күзгі ағаш егу маусымында жалпы 50 мың түп ағаш көшетін отырғызу жоспарланған. Оның ішінде көктемгі маусымда 15 мың түп, ал күзгі маусымда 35 мың түп көшет егу көзделіп отыр.
Көктемгі ағаш отырғызу жұмыстары аясында жоспарланған 15 мың дана көшет толық алынып, ауылдық округтерге бөлініп, белгіленген аумақтарға егілді. Олардың қатарында қарағаш, жаңғақ, қаратал, каталпа, тұт, өрік және басқа да ағаш түрлері бар.
Егілген көшеттерді күтіп-баптау және суару жұмыстары да тұрақты бақылауда. Қазіргі таңда көшеттердің суару жүйесі насос, арық жүйесі және тасымалдау арқылы қамтамасыз етілген. Сонымен қатар, ағаш көшеттерін қоршау жұмыстары жүргізілуде.
Аппараттық мәжілісте аудан әкімі Жәнібек Ағыбаев алдағы күзгі ағаш егу маусымына тыңғылықты дайындалу қажеттігін атап өтті. Ауыл және ауылдық округ әкімдіктеріне көшет егілетін аумақтарды алдын ала анықтап, қажетті инфрақұрылымды қамтамасыз ету, сондай-ақ егілген ағаштарды тұрақты күтіп-баптау бойынша нақты тапсырмалар берілді.
– Көгалдандыру жұмыстары тек ағаш отырғызумен шектелмеуі керек. Ең бастысы – егілген көшеттердің жерсініп, өсіп кетуіне жағдай жасау. Әрбір ауылдық округ бұл мәселеге жауапкершілікпен қарап, ағаштарды күтіп-баптау жұмыстарын жүйелі ұйымдастыруы қажет, – деді аудан әкімі.
Жиын барысында бұдан бөлек, облыс әкімінің хаттамалық тапсырмаларының орындалуы мен ауданның индикаторлық көрсеткіштерінің жай-күйі де талқыланды. Жауапты сала басшыларына жоспарланған көрсеткіштерді толық орындау және тапсырмалардың сапалы жүзеге асырылуын қамтамасыз ету жөнінде нақты міндеттер жүктелді.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-keles/press/news/details/1292445?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау