Сеулде өткен Орман шаруашылығы жөніндегі министрлік форум аясында Қазақстанның Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Нұрлан Шарбиев Корея орман қызметінің басшылығымен және Азия орман секторындағы ынтымақтастық ұйымының (AFoCO) атқарушы директоры Пак Чонхомен кездесулер өткізді. Келіссөздердің негізгі тақырыптары — ормандарды қалпына келтіру, заманауи технологияларды енгізу, орман питомниктерін дамыту, көміртегі жобаларын іске асыру және халықаралық инвестициялар тарту. AFoCO-мен кездесу қорытындысында орнықты орман шаруашылығы және көміртегі жобалары саласындағы ынтымақтастық туралы меморандум папкаларымен алмасу рәсімі өтті. Құжат аясында Қазақстандағы 100 мың гектардан астам орман қорғау белдеулері мен агроорман-мелиорациялық аумақтарды қамтитын көміртегі жобаларын пысықтау көзделген. Сондай-ақ болашақ жобаларды Қазақстан ұсынған «Орталық Азияның жасыл қалқаны» өңірлік бастамасымен ұштастыру мүмкіндіктері қарастырылды. Кездесулердің басты мақсаты — халықаралық тәжірибе мен технологияларды тарта отырып, келіссөздерді Қазақстан аумағында жүзеге асатын нақты орман және көміртегі жобаларына айналдыру.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/forest/press/news/details/1292470?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау