Мақтаарал аудандық Мәдениет үйінің жанынан балаларға арналған «Мақтаарал» театры ашылып, жаңа өнер ордасының тұсауы кесілді.
Театрдың ашылу салтанатына Мырзакент кентіндегі Оңалту орталығының оқушылары мен «Солнышко» балабақшасының тәрбиеленушілері қатысып, алғашқы «Ғажайым орман» ертегісі желісінен алынған қойылымды тамашалады. Балаларға ұсынылған өнер кеші көрермендерге көтеріңкі көңіл күй сыйлап, ерекше әсер қалдырды.
Жаңа театрдың ашылуы – Мақтаарал ауданының мәдениеті мен руханияты үшін маңызды оқиға. Өнер ордасының басты мақсаты – ұлттық және жалпыадамзаттық рухани құндылықтарды дәріптеу, балалар мен жасөспірімдердің эстетикалық талғамын қалыптастыру және көрерменге сапалы өнер ұсыну.
Ертегілер театры – тек сахналық қойылымдар көрсетілетін орын ғана емес, жас көрерменнің қиялын дамытып, ой-өрісін кеңейтетін, адамгершілік пен ізгілікке тәрбиелейтін рухани-мәдени орта. Сонымен қатар, театр жас әрі дарынды актерлердің шығармашылық қабілетін шыңдап, жергілікті драматургтердің еңбектерін сахналауға мүмкіндік беретін шығармашылық алаңға айналмақ.
Алдағы уақытта театр ұлттық классика мен заманауи шығармаларды, қазақтың және әлем ертегілерін жаңғыртып, оларды жергілікті көрерменге ана тілінде жеткізуді көздейді. Қойылымдар арқылы қоғамдағы маңызды мәселелерді көтеріп, бала жүрегіне жол табатын тағылымды дүниелер ұсыну жоспарлануда.
Айта кетейік, «Мақтаарал» театрының ұжымы жаңа сахнада көрерменге шабыт сыйлайтын, рухани құндылықтарды насихаттайтын мазмұнды қойылымдар ұсынуды мақсат етеді.
(с) Мақтаарал ауданы әкімінің баспасөз қызметі
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-maktaaral/press/news/details/1293027?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау