Түркістанда жаңа оқу жылында студент атанған жастарға арналған «Жарқын болашаққа қадам» атты мерекелік кеш өтті.
Студенттік кезең – білім алып қана қоймай, болашақ мамандықты меңгеріп, өз жолыңды қалыптастыратын маңызды кезең. Осы ретте Түркістанда жастардың сапалы білім алуына, кәсіби тұрғыдан қалыптасуына және еңбекке араласуына ерекше мән берілуде.
Қазіргі таңда қалада 14-35 жас аралығындағы 81 718 жас бар. Бұл – Түркістан халқының 32,8 пайызы. Қаладағы 3 жоғары оқу орнында 12 222 студент, 8 орта арнаулы оқу орнында 10 742 студент білім алуда.
Қала әкімі Әзімбек Пазылбекұлы жас буынды студент атануларымен құттықтап, білімге ұмтылыс пен үздіксіз ізденістің, еңбекқорлық пен азаматтық жауапкершіліктің маңызын атап өтті.
«Біз жастарды тек жұмыс іздеуші ретінде емес, жаңа жұмыс орындарын ашатын кәсіпкер, жаңа технологияны енгізетін білікті маман, қоғамның дамуына үлес қосатын белсенді азамат ретінде көргіміз келеді. Сондықтан әр жастың сапалы білім алып, өз қабілетін жүзеге асыруына мүмкіндік жасау – маңызды міндет», деді қала әкімі.
Жастарды қолдау бағытында білім беру мен жұмыспен қамту тетіктері де қатар іске асырылуда. Биыл Түркістан қаласындағы жоғары оқу орындарын 3 984 жас, орта арнаулы оқу орындарын 2 170 жас тәмамдады. Оның ішінде 1 759 жас жастар практикасы, алғашқы жұмыс орны және өзге де жұмыспен қамту бағдарламалары арқылы еңбекке орналасты.
Бұл көрсеткіштер жастардың білімнен еңбек нарығына сәтті өтуіне жағдай жасау бағытындағы жұмыстың жүйелі жүргізіліп жатқанын көрсетеді.
Мерекелік кеш барысында студенттер өз өнерлерін ортаға салып, ән мен биден шашу шашты. Концерттік бағдарлама жаңа студенттерге көтеріңкі көңіл күй сыйлап, олардың студенттік өмірдегі алғашқы қадамын жарқын әсермен бастауына мүмкіндік берді.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/ontustik/press/news/details/1292809?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау