Елордада учаскелік полиция инспекторлары Бейбарыс сұлтан көшесіндегі тұрғын үйлердің бірінде тұрғындармен кездесу өткізді. Кездесу барысында азаматтардың қауіпсіздігіне қатысты өзекті мәселелер талқыланды.
Атап айтқанда, балалардың терезеден құлау жағдайларының алдын алу, ата-аналардың жауапкершілігі және үй жағдайында балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелеріне ерекше назар аударылды. Полиция қызметкерлері ата-аналарды балаларды қараусыз қалдырмауға, терезелерді қауіпсіздік құралдарымен жабдықтауға және сақтық шараларын сақтауға шақырды.
Сонымен қатар, тұрғындарға интернет алаяқтықтың кең таралған тәсілдері түсіндіріліп, күмәнді қоңыраулар мен хабарламаларға сенбеу, бөгде адамдарға банк картасының деректері мен SMS-кодтарды бермеу қажеттігі ескертілді.
Кездесу барысында тұрғындар өздерін толғандырған сауалдарын қойып, полиция қызметкерлерінен тиісті түсініктемелер алды. Сондай-ақ азаматтарға арнайы ақпараттық жадынамалар таратылды.
Полиция қызметкерлері мұндай кездесулердің басты мақсаты – тұрғындардың құқықтық сауаттылығын арттыру, құқық бұзушылықтардың алдын алу және қауіпсіздік мәселелеріне қоғамның белсенді қатысуын қамтамасыз ету екенін атап өтті.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-astana/press/news/details/1292748?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау