Шығыс Қазақстан облысында азаматтардың еңбек құқықтарын қамтамасыз ету және еңбек қатынастары саласындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу бағытындағы жұмыстар жалғасуда.
2026 жылғы 15 қыркүйекте Еңбек инспекциясы комитетінің Шығыс Қазақстан облысы бойынша департаментінде ШҚО прокуратурасы мен әлеуметтік әріптестер өкілдерінің қатысуымен жұмыс кездесуі өтті.
Кездесуде жұмыскерлердің әлеуметтік қорғалуына тікелей қатысты мәселелерге, атап айтқанда, ресми еңбек шартының болуы, әлеуметтік аударымдардың уақтылы жүргізілуі және өндірістегі жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру мәселелеріне баса назар аударылды.
Кездесу барысында алдағы жұмыстың нақты бағыттары айқындалды. Мамандарға жұмыскерлерді жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру (ЖОМС) шарттарының жасалуына талдау жүргізу, қолданыстағы сәйкессіздіктердің себептерін анықтау және оларды жою бойынша ұсыныстар әзірлеу міндеті қойылды.
Жұмыс бағыттарының бірі – құқық бұзушылықтардың алдын алу. Шығыс Қазақстан облысының прокуратурасымен және әлеуметтік әріптестермен бірлесіп, «Заң және тәртіп» идеологиясы аясында ауқымды профилактикалық іс-шаралар өткізу жоспарлануда.
Бұл жұмыстың басты мақсаты – құқық бұзушылықтарды анықтап қана қоймай, олардың алдын алу, жұмыс берушілердің жауапкершілігін арттыру және әрбір жұмыскердің заңды құқықтарының сақталуын қамтамасыз ету.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/vko-enbek/press/news/details/1292749?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау