Қолжетімді орта талаптары Қазақстан Республикасының «Ғимараттар мен имараттарды халықтың қимылы шектеулі топтары үшін қолжетімділіктің есебімен жобалау» ҚР ЕЖ 3.06-101-2012 ережелер жинағына сәйкес айқындалады. Сонымен қатар, 2023 жылғы 15 қарашадан бастап қолданыстағы ҚР СТ 3846-2023 ұлттық стандарты инфрақұрылым объектілері мен көрсетілетін қызметтердің мүгедектігі бар адамдар мен жүріп-тұруы шектеулі топтар үшін қолжетімділігін қамтамасыз етуге қойылатын жалпы талаптарды белгілейді.
Қолжетімді орта ғимараттың есігінен емес, автотұрақтан басталады. Мүгедектігі бар адамдарға арналған автотұрақ орындары халықаралық қолжетімділік белгісімен белгіленуі тиіс. Мұндай тұрақ орнының ені кемінде 3,66 метр, ұзындығы кемінде 5,38 метр болуы қажет. Қолжетімді автотұрақ ғимараттың кіреберісіне барынша жақын орналасып, азаматтың көліктен ғимаратқа қауіпсіз әрі кедергісіз жетуіне мүмкіндік беруі керек.
Автотұрақтан ғимаратқа дейінгі жаяу жүргіншілер жолы да қолжетімді болуы қажет. Қолжетімді автотұраққа байланысты жаяу жүргіншілер жолының ені кемінде 1,2 метр болуы тиіс. Ал жаяу жүргіншілер жолының жалпы ені, қарсы бағытта жүріп келе жатқан адамдардың, оның ішінде мүгедектер арбасын пайдаланушылардың қозғалысын ескере отырып, кемінде 2 метр болуы керек. Қолданыстағы құрылыс жағдайында оны 1,2 метрге дейін азайтуға рұқсат етіледі, бірақ әрбір 25 метр сайын өлшемі кемінде 2 × 1,8 метр болатын көлденең алаңдар қарастырылуы тиіс.
Жаяу жүргіншілер жолдарының, жаяужолдар мен пандустардың жабындысы қатты, тегіс, кедір-бұдырлы және саңылаусыз болуы қажет. Құм, қиыршық тас сияқты борпылдақ материалдарды қолдануға жол берілмейді. Беткі деңгей айырмасы 20 миллиметрден асқан жағдайда, жаяу жүргіншілер жолына пандус қарастырылуы тиіс.
Ғимараттың кіреберіс алаңының өлшемі кемінде 2,2 × 2,2 метр болуы қажет. Бұл мүгедектер арбасын пайдаланатын адамның еркін бұрылуына және есікті қауіпсіз ашуына мүмкіндік береді.
Пандустың ені кемінде 1,2 метр болуы тиіс. Пандустың еңісі оның биіктік айырмасына қарай есептеледі: биіктік айырмасы 5–20 сантиметр болған кезде еңіс қатынасы 1:10, ал 20 сантиметрден жоғары болған жағдайда 1:12 болуы қажет. Сонымен қатар пандус жолының бойлық еңісі жалпы жаяу жүргіншілер қозғалысында 5%-дан, көлденең еңісі 2%-дан аспауы тиіс.
Пандустың екі жағында тұтқалары бар қоршаулар орнатылады. Тұтқалардың биіктігі 0,7–0,9 метр болуы керек. Пандустың жоғарғы және төменгі бөліктерінде тұтқалар қозғалыс бағыты бойынша кемінде 0,3 метрге көлденең жалғасуы тиіс. Тұтқа мен қабырға арасындағы арақашықтық кемінде 4 сантиметр, ал қабырға беті кедір-бұдыр болған жағдайда 6 сантиметрден кем болмауы қажет.
Пандустың әрбір деңгейінің басында және соңында өлшемі кемінде 1,2 × 1,5 метр болатын көлденең алаң қарастырылады. Әрбір 8–9 метр пандус маршынан кейін көлденең алаң орнатылуы қажет. Пандус бағыты өзгерген жағдайда да бұрылуға арналған алаң қарастырылуы тиіс.
Кіреберіс есіктің ені кемінде 0,9 метр болуы тиіс. Есіктің табалдырығының биіктігі 14 миллиметрден аспауы қажет. Бұл талап мүгедектер арбасын, балдақ немесе басқа да қозғалыс құралдарын пайдаланатын азаматтардың ғимаратқа кедергісіз кіруін қамтамасыз етуге бағытталған.
Ғимарат ішінде де қозғалыс жолдары қолжетімді болуы керек. Егер ғимараттың негізгі кіреберісінен жоғары немесе төмен орналасқан қабаттары болса, тиісті жағдайда лифт қарастырылады. Мүгедектер арбасын пайдаланушыларға арналған лифт кабинасының ішкі өлшемдері кемінде 1,3 × 2,1 метр болуы тиіс. Лифтіні шақыру батырмасының алдында кемінде 0,9 × 1,2 метр бос кеңістік болуы, ал шақыру батырмасы еденнен 0,9–1,2 метр биіктікте орналасуы қажет.
Көру қабілеті бұзылған адамдар үшін лифт кабиналарындағы қабат нөмірлері Брайль қарпімен белгіленуі тиіс. Сонымен бірге лифт қозғалысы кезінде визуалды және дыбыстық сүйемелдеу қамтамасыз етілуі қажет. Қолжетімді лифт кабиналарында үш жағынан 0,8–0,9 метр биіктікте тұтқалар қарастырылады.
Қолжетімді орта санитариялық тораптарды да қамтиды. Келушілердің есептік саны 50 адам және одан көп болған немесе адамдардың ғимаратта болуының есептік ұзақтығы 60 минут және одан көп болған жағдайда қоғамдық ғимараттарда әр қабатта әмбебап санитариялық кабина қарастырылуы тиіс. Әмбебап кабинаның ені кемінде 1,65 метр, тереңдігі кемінде 2 метр болуы қажет.
Санитариялық кабиналарда мүгедектер арбасын орналастыруға жеткілікті кеңістік, қажетті тірек тұтқалары және киім, балдақ пен басқа да заттарға арналған ілмектер қарастырылуы керек. Дәретхана және душ кабиналары есігінің ашық кездегі ені кемінде 1,2 метр, ал тірек тұтқалары 0,8–0,9 метр биіктікте орналастырылуы тиіс. Шұғыл көмек көрсету түймелері еденнен 0,4–0,6 метр биіктікте орналастырылады.
Бұдан бөлек, қолжетімділік тек пандус, лифт немесе арнайы тұрақпен шектелмейді. Ғимарат ішінде көру қабілеті бұзылған адамдар үшін тактильдік жолақтар, ескерту белгілері, бағыттаушы көрсеткіштер, Брайль қарпі және визуалды ақпарат қарастырылуы қажет. Яғни азамат ғимаратқа кіргеннен бастап қажетті қызметті өздігінен таба алатындай жағдай жасалуы тиіс.
Осы талаптардың барлығының негізгі мақсаты – мүгедектігі бар адамдар мен жүріп-тұруы шектеулі азаматтардың ғимараттар мен инфрақұрылым объектілеріне қауіпсіз, кедергісіз және барынша дербес қол жеткізуін қамтамасыз ету.
Қолжетімді орта – бұл тек құрылыс нормаларын орындау ғана емес, бұл әр азаматтың қоғам өміріне тең дәрежеде қатысуына мүмкіндік беретін маңызды әлеуметтік жағдай. Сондықтан әрбір нысанда автотұрақтан бастап ғимараттың ішіндегі қозғалыс жолдарына, санитариялық тораптарға және ақпараттық жүйелерге дейінгі барлық элементтердің белгіленген талаптарға сәйкестігі қамтамасыз етілуі қажет.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/enbek-shymkent/press/news/details/1294142?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау