Қарағанды облысында «Талдау мектебі. Қарағанды» жобасының екінші легі өз жұмысын бастады. Сегіз апта бойы жас мамандар, зерттеушілер, қоғамдық сектор өкілдері мен белсенді жастар өңір дамуының өзекті мәселелерін зерделеп, оларды шешудің нақты әрі тиімді жолдарын іздейді.
Қатысушылардың негізгі құралы – дерек. Олар мәселені анықтап қана қоймай, оның туындау себептерін жан-жақты зерделеуге, ақпаратты саралап, соның негізінде нақты шешімдер әзірлеуге үйренеді.
Алғашқы сабақтар өтіп те үлгерді. Қатысушылармен Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев, қоғам қайраткері Мәулен Әшімбаев, сондай-ақ экономист әрі сарапшы Айдархан Құсайынов кездесті.
«Талдау мектебін» құру идеясы 2022 жылы жас сарапшылардың бастамасымен дүниеге келген. Сол кезде Сенат төрағасы қызметін атқарған Мәулен Әшімбаев жобаға қолдау білдірді. Бүгінде бастама жүйелі түрде дамып, өз ауқымын кеңейтіп келеді.
– Екінші лек тыңдаушыларын оқу басталуымен құттықтаймын. «Талдау мектебі» – кәсіби біліктілікті арттырып, талдамалық құзыреттерді дамытуға және жаңа кәсіби байланыстар орнатуға мүмкіндік беретін алаң. Біз үшін жобаның өңірлік бағытын дамыту айрықша маңызды. Қарағанды мектебінің бағдарламасына экономика, агроөнеркәсіптік кешен, экологиялық тұрақтылық, инклюзия, моноқалалар мен ауылдық аумақтарды дамыту мәселелері енгізілген. Жобаға қызығушылықтың жоғары екенін көріп отырмыз. Қатысушылар қатарында болашағынан үлкен үміт күттіретін мамандар мен жас кәсіби кадрлар көп. Мектеп кәсіби тұрғыдан өсуге және тәжірибе алмасуға жол ашатын маңызды алаңға айналады деп сенемін, – деді Мәулен Әшімбаев.
Жобаның екінші легі «Іс-қимыл стратегиясы: Қарағанды облысын дамытудағы Data-Driven тәсіл және тиімді шешімдер» тақырыбына арналған. Сегіз апта ішінде қатысушылар моноқалаларды дамыту, экологиялық тұрақтылықты қамтамасыз ету, кедергісіз орта қалыптастыру және Smart-өңір тұжырымдамасы секілді нақты бағыттар бойынша жұмыс істейді.
Бағдарламада дәрістер, сарапшылармен кездесулер, практикалық тапсырмалар, пікірталастар мен командалық жұмыс қарастырылған. Мұнда теориядан гөрі тәжірибеге басымдық беріледі: қатысушылар деректерді талдап, проблемаларды анықтап қана қоймай, оларды шешуге бағытталған өз ұсыныстарын әзірлейді.
Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаевтың айтуынша, жобаның алғашқы легі «Талдау мектебінің» өңірдегі сараптамалық ортаны қалыптастыруға ықпал ете алатынын көрсетті.
– Өткен жылы Қарағанды облысында «Талдау мектебінің» алғашқы өңірлік легін іске қосқанда, алдымызға маңызды міндет қойдық – өңірде сарапшылардың жаңа буынын қалыптастырып, олардың білімін нақты мемлекеттік міндеттерді шешуге бағыттау. Жинақталған тәжірибе мектептің жай ғана білім беру жобасы емес, сараптамалық және кадрлық әлеуетті қалыптастыратын маңызды алаңға айналып келе жатқанын көрсетті. Біздің ұзақ мерзімді мақсатымыз – сараптамалық мәдениеті жоғары, деректерге сүйеніп ойлайтын, өз ұсыныстарын дәйекті түрде негіздей алатын әрі өңірдің дамуына жауапкершілікпен қарайтын мықты кәсіби қауымдастық қалыптастыру, – деді облыс әкімі.
Қатысушылар үшін атқарылған жұмыстың нәтижесі оқу бағдарламасы аясында ғана қалып қоймауы маңызды. Олар облыстың өзекті даму мәселелеріне қатысты өздерінің талдамалық тәсілдері мен нақты ұсыныстарын таныстыра алады.
– Мен бұл мектептен өзіме пайдалы дүние алып, сонымен қатар практикалық тәжірибеммен бөліскім келеді. Менің негізгі бағытым – инклюзия және кедергісіз орта қалыптастыру. Дегенмен басқа бағыттарды да тыңдауға қызығушылық танытамын. Өйткені өзің білетін нәрсені айтып қана қоймай, тәжірибе алмасудың да маңызы зор. Таныс мәселелерге тек практикалық тұрғыдан емес, талдамалық көзқараспен де қарағым келеді. Бәлкім, дәл осы талдау арқылы өңірімізді жақсартуға мүмкіндік беретін тиімді шешімдер табармыз, – дейді екінші лек тыңдаушысы Гаухар Әкіжанова.
«Талдау мектебінің» алғашқы легі нақты нәтижелер берді. Жобаның 21 түлегі Қарағанды облысының консультативтік-кеңесші органдарының құрамына енді.
Сонымен қатар қатысушылар әзірлеген зерттеулер Қарағандыны 2028 жылғы ТМД Жастар астанасы мәртебесіне дайындау барысында пайдаланылып жатыр.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/karaganda/press/news/details/1294853?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау